Түркістан: аса қауіпті инфекциялардың алдын алу жұмыстары пысықталды

Түркістан облысында 2025 жылға аса қауіпті аурулардың профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар жоспары бекітіліп, 10 түрлі аса қауіпті ауруға қарсы іс-шаралар жүргізілуде. Биылғы 6 айда төрт түлік пен үй жануарларына 9,9 млн. доза вакцина егіліп, жоспар 83%-ға орындалды. Облыс әкімдігінде өткен мәжілісте осы саладағы мәселелер, аса қауіпті инфекциялардың алдын алу бағытындағы жұмыстар талқыланды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
– Дезинсекциялық жұмыстар жүргізілді деп баяндап отырсыздар. Бірақ арнайы комисияның тексеруі барысында бірнеше аудандағы қораларда механикалық тазалық жұмыстары жүргізілмегені анықталған. Бұл бойынша тиісті залалсыздандыру жұмыстарын күшейту керек. Кемшіліктерге жол берген салаға жауапты бірінші басшылардың тәртіптік жауапкершілігі қаралсын. Облыс көлемінде эпизоотиялық және энзоотияға қарсы ветеринариялық шараларды сапалы әрі мерзімінде жүргізуді, үй жануарларының арасында аса қауіпті аурулардың алдын-алу үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербұлан Жәнібеков пен Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышановтың есептері тыңдалды.
Өңірде ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңын іске асыру мақсатында үй жануарларын есепке алу жұмыстары жүргізіліп, 36 981 үй жануары дерекқор базасына енгізілді. Биыл облыстық бюджеттен 4,5 млн. теңге қаржы қаралып, 309 сібір жарасы ошақтарына дезинфекция жұмыстары жүргізілді. Алты айда бруцеллез ауруына қарсы 436,6 мың бас ірі қара мал, 2 058,7 мың бас ұсақ мал тексеріліп, жоспар 100 % орындалды.
Облыс әкімі жауаптыларға эпизоотиялық және энзоотияға қарсы ветеринариялық шараларды жандандырып, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, Сібір жарасы, құтыру ауруларына күресті күшейту жөнінде тапсырма берді. Жауапты мамандардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, бұл мәселелер қатаң бақылауға алынды.