Түркістан: Арыста мыңға жуық шабандоз қатысқан көкпар өтті
Арыс қаласында «Көмекбай» атшабарында Жайдарман және web сериалдардың жұлдыздары «Миллион» командасының демеушілігімен елден бата алу көкпар сайысы өтті. Дүбірлі додаға республиканың түкпір-түкпірінен бөлек, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстаннан білегі болаттай шабандоздар қатысты.
Аламан көкпар қазақ эстрадасының жарқын жұлдыздары Заттыбек Көпбосынұлы, Әділет Жауғашар, Наркенже Серікбаева, «Алатау серілері» тобы, Әбдіжаппар Әлқожа, Серік Ибрагимов сынды өнер жұлдыздары және Есқара Батыр сынды жайдарман жұлдыздарының концертімен басталды.
Думанды шарада қала әкімі Гүлжан Құрманбекова құттықтау сөз сөйлеп,ұлттық спортты ұлықтап жүрген ұландарға ризашылығын білдірді.
Он мыңнан астам жиналған көкпарсүйер қауым бағы мен бабы келіскен, шеберлігі асқан мықты шабандоздардың додасын тамашалады.
Көкпар соңында салым салған шабандоздармен қатар, ойын барысында ептілігімен көзге түсіп, көпшіліктің ықыласына бөленген құрыш білекті жігіттер, бабы мен бағы қатар шапқан сәйгүлік аттар да ұйымдастырушылар тағайындаған арнайы номинацияларға ие болды. Әр салым салған шабандозға тоқты, серке және ақшалай сыйлықтар берілді.
Ал көкпардың соңғы «жұлдызды» салымын салған қазығұрттық Ерсайын шабандоз бен Арман балуандар қошеметке бөленді.
Жалпы, көкпарға салым қорынан бөлек 4 автокөлік қойылды. Жергілікті кәсіпкерлер мен демеушілер, бір сөзбен айтқанда ұлттық спортты қолдаған мәрт арыстық азаматтар көкпаршыларға демеушілік жасады.