Түркістан: АӨК жалпы өнім өндіру және инвестиция тарту жоспарының 6 айлық қорытындысы сараланды

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төралығымен өткен жиында АӨК жалпы өнім өндіру және инвестиция тарту жоспарының 6 айлық қорытындысы талқыланды. Күн тәртібінде ұлттық ауыл шаруашылығы санағының жағдайы, 6 айдың қорытындысымен статистикалық есептіліктің тапсырылу барысы, агроөнеркәсіп кешені саласындағы тапсырмалардың орындалуы сараланды.
Облыс әкімінің орынбасары салалық индикаторларды тиісті деңгейде орындамаған жауапты тұлғаларға сын-ескертпе айтып, кемшіліктерді қалпына келтіруге уақыт берді.
– Жұмыс сапалы әрі уақытылы орындалса, бекітілген межеге қол жеткізуге ешқандай кедергі жоқ. Жоспар жүйелі атқарылып келеді. Дегенмен, кейбір аудандарда кемшіліктер орын алуда. Тапсырмалар тиісті деңгейде орындалмаған жағдайда, шара көріледі. Заң талаптарын сақтай отырып, жұмысты сапалы, мерзімінде орындап шығу керек, – деген Нұрбол Тұрашбеков жұмысты жандандыруды тапсырды.
Жиын барысында ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Жанар Ережепова жалпы өнім көлемінің 6 айға болжамы туралы баяндады. Оның айтуынша, Арыс қаласы мен Бәйдібек, Ордабасы, Сайрам, Сарыағаш аудандарында респонденттердің статистикалық есепті тапсыруы толық қамтамасыз етілмеген. Инвестиция тарту бойынша аудан, қала әкімдіктері 6 айлық жоспардың 104,6 %-ға орындалатыны туралы мәлімет ұсынған.
Ауыл шаруашылығы – Түркістан облысының негізгі драйверлерінің бірі. Өңірде бұл саланы жан-жақты дамытуға басымдық берілген. Бекітілген жоспардың тиісті деңгейде орындалуы тікелей аймақ басшысы Нұралхан Көшеровтің бақылауында тұр.