Түркістан облысында эпидемиологиялық ахуал тұрақты

Елімізде коронавирус індетін жұқтырғандар саны азайды. Осыдан бір күн бұрын індетке шалдыққандар саны 14 мыңнан асса, өткен тәулікте 11 мыңға жуық науқас тіркелген. Дегенмен, кей өңірлерде эпидемиологиялық ахуал нашарлап, қазіргі уақытта республика бойынша 152 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр.

Ал, Түркістан облысы эпид-ахуал бойынша жасыл аймақта. Соңғы уақытта өңірде тәулігіне 20-30 адам коронавирус індетін жұқтыруда. Жалпы, жыл басынан бері 200-ге жуық тұрғын COVID-19 инфекциясын жұқтырған. Сала мамандарының айтуынша, аймақтағы эпид-ахуалдың нашарлауы санитарлық талаптардың орындалмауы және бетперде тағу режимінің сақталмауынан туынап отыр.

Түркістан облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, «Ashyq» қосымшасын енгізбеген нысандарда бұқаралық іс-шараларды, мерекелік, ойын-сауық және мәдени-бұқаралық іс-шараларды, конференция, форум және отбасылық іс-шараларды өткізуге тыйым салынған. Қоғамдық орындарда бетперде тағу, 1,5-2 метр әлеуметтік арақашықтықты сақтау және антисептиктерді пайдалану талаптары қатаң бақылануда. Сондай-ақ, қоғамдық тамақтану орындары мен театр, кинотеатр және концерт залдарын 50%-ға ғана толтыруға болады. Ал, компьютерлік клубтарда келушілер саны 60%-дан аспауы қажет.
Дәл қазір Түркістан облысы республика бойынша «жасыл» аймаққа өткен жалғыз өңір болып отыр. Облыс аумағында соңғы тәулікте КВИ-дің 93 жағдайы анықталып, тәуліктік өсім 0,51%-ды құрады. Сонымен қатар, облыстағы инфекциялық орындарда 809 төсек-орын жасақталып, оның 532-сі бос тұр. Жалпы, індет басталғалы өңірде 18082 жағдай тіркелсе, оның 9345-інде симптом байқалмаған. Қазір бірінші компонентпен 1 046 156 адам, ал екінші компонентпен 1 042 228 адам вакцина қабылдаған.

Айта кетейік, қазіргі Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Атырау, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары “қызыл» аймақта тұр. Ал, «сары» аймақта Шымкент қаласы мен Қызылорда облысы тұрса, Түркістан облысы ғана «жасыл» аймаққа өткен.

ПІКІР ЖАЗУ