Тұрғындарды уақытша көшіру рәсімі басталды

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың сайлау алды бағдарламасында 2029 жылға дейін тозығы жеткен 1500 тұрғын үйді бұзып, орнына көп пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысын салу және оны үй иелеріне жаңа пәтерлерді табыстау тапсырылған.

Осыған орай Шымкент қаласындағы тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы енгізілген.

Реновация – тозығы жеткен тұрғын үйлерді сүріп, орнына жаңа тұрғын үй салу бағдарламасы. Шымкент қаласында 2 мыңнан астам көп пәтерлі тұрғын үй болса, соның 70%-ынан астамы Кеңес заманынан бері келе жатқан тұрғын үйлер. Қала бойынша 107 тұрғын үй ұсынылып, оның 13-і Абай ауданында, 44-і Әл-Фараби ауданында, 7-і Еңбекші ауданында және 43-і Тұран ауданында орналасқан. Тұрғын үйді бұзбас бұрын ең әуелі міндетті түрде тұрғындардың келісімі алынады. Тұрғындардың толық келісімін алған жағдайда ғана тұрғын үй сүріледі.

Қазіргі уақытта Шымкент қаласы әкімдігінің жетекшілігімен тозығы жеткен үйлерге реновация бағдарламасы бастау алды.

Аталған бағдарлама аясында Еңбекші ауданындағы Безделев көшесі 72А мекенжайда орналасқан 8 пәтерлі екі қабатты ескі тұрғын үйдің орнына 7 қабатты заманауи үлгідегі 36 пәтерлі тұрғын үй салу жоспарлануда. Бүгін ескі үйдің сүрілуіне байланысты 50-ге жуық тұрғындардың көшу рәсімі болды.

Айта кетсек, бұл жоба Шымкент ӘКК сүйемелдеуімен жүргізіліп, толығымен инвестор тарапынан қаржыландырылады.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі!

ПІКІР ЖАЗУ