Тұрғын учаскелік полицейден таяқ жедім деп арыздануда
Шымкенттік тұрғын өзін полиция қызметкері ұрып соқты деп арызданды. Полицейден қорлық көрдім деген жәбірленуші арнамызға келіп сұхбат берді.
Оның айтуынша, сол күнде учаскелік полиция қызметкері оған жұмыс орнында бірнеше рет соққы жасаған. Жәбірленуші тәртіп сақшысының туысы да шабуыл жасады деп отыр. Ол аз болғандай полиция қызметкері жәбірленушіні көлікпен де соғып кеткен көрінеді. Ал екінші тарап бұл көптеген сәйкессіздіктер бар екенін айтып, істі тек әкімшілік бап бойынша қарастыратынын жеткізді.
Сол күнді Мадина қорқынышпен еске алады. Қала тұрғынының айтуынша, 2 маусым күні оны тәртіп сақшысымен туысы жұмыс орынында соққыға жыққан. Азаматшаның сөзінше, заң өкілі бұдан соң келіншекті қызметтегі көлігімен соғып кеткен. Қазіргі уақытта бірнеше жерінен жарақат алған Мадинаның денесі көгеріп қалған.
Мадина (атын өзгертуді сұрады) – жәбірленуші: «Барлығы инстаграмнан басталды. Мен оның келіншегін білмеймін. Менің парақшама фейк аккаунты арқылы тіркелген. Жақында туған күнім болған еді. Суретте одан басқа да әріптестерім болған. Осы суретті әйелі көріп, шу шығарған. Осы отбасылық мәселелерің үшін мені көлікпен қағып кеттің бе дедім».
Осы оқиғадан соң келіншек полицияға арызданып, жарақаттарын тіркеген. Іс «денсаулыққа жеңіл зиян келтіру» бабы бойынша жүргізілуде. Сотта айыпталушы өз кінәсін мойындамай,тіпті кешірім де сұрамаған. Тек маған қарап жымиып тұрды,- дейді Мадина.
Мадина (атын өзгертуді сұрады) – жәбірленуші: «Күні кеше сотта өтірік сөйледі. Естіген сөздеріме таң қалдым. Ойынан құрастырып тұрды. Маған хабарласып, шақырды дейді. Мен одан дәлелің бар ма деп сұрадым. Пайымдауымша, адвокаттардан кеңес алып, жағдайдың өз пайдасына оңды шешілуін сұраған. Өйткені, дәл сол күні оның басшылығы маған келіп, арыз жазбауымды өтінген болатын. Ойлаңызшы, қызметкер өзінің қызметтік көлігімен мұндай әрекет жасауы барып тұрған сорақылық емес пе?».
Жәбірленушінің айтуынша, бұл жағдайдың орын алуына оның полиция қызметкерімен бірге түскен суреті себеп болған. Адвокат Әлімжан Сартбай, бұл істе сәйкес келмейтін тұстар көп екенін айтады. Сондықтан да ол полиция департаментінің басшылығына жүгінген екен. Десек те ешқандай нәтиже болмай тұр. Себебі айыпталушы әлі бұрынғы қызметінде жүр.
Әлімжан Сартбай, жәбірленушінің адвокаты: «Жанжалдың не себепті болғаны маңызды емес. Неге дейсіз бе? Өйткені бәрібір де ҚР азаматы қорғауға құқылы. Бүгінгі күні полиция қызметкері оны неге ұрып-соғып, одан әрі қызметтік көлікте адамды қағып кеткенін түсіну керек. Біздің өтінішімізден кейін бір ғана куәгерден жауап алынды».
Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі айтулы оқиға туралы түсініктеме берілді.
Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметі: «Азаматшаның арызы бойынша Еңбекші аудандық полиция қызметкеріне қатысты тексеріс жүргізілуде. Бұл жағдай Полиция департаментінің жіті бақылауында».
Соққының астында қалған жәбірленуші материалдық және моралдық зиянды өтеуді талап етпейді. Бар жоғы істің әділ әрі адал жүргізілгенін қалайды.