“Тұран” академиясының футболшылары Хорватиядағы турнирде үздік сегіздікке кірді

Түркістанның «Тұран» футбол академиясының жас футболшылары Хорватияда өткен «Dalmatinko Cup» халықаралық турнирінен оралды. 2009 жылы туған балалар командалары арасындағы сында қазақтың жас өрендері ширек финалға дейін жетті. Шетелдегі алғашқы турнирінде осындай жетістікке жеткен жасөспірімдерді ата-аналар мен түркістандық жанкүйерлер құрметпен күтіп алды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов «Тұран» командасының жетістігін жоғары бағалап, жас футболшыларға қолдау көрсетті.
Хорватиядағы байрақты бәсекеде бақ сынаған «Тұран» футбол академиясының командасы ширек финалға дейін жетті. Нақтырақ айтсақ, топтық сында «НК Зара» (3:1) және «Заглебия» (2:1) командаларын жеңіп, «Динамо» (Загреб) клубына есе жіберді. Плей-офф кезеңінде «Воеводина» командасымен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Ширек финалда Украинаның «Шахтері» қарсылас атанды. Тартысты өткен матчта біздің балалар 2:1 есебімен есе жіберді. Жалпы Шығыс Еуропаның азулы футбол мектептерінің спортшыларымен сынға түскен «Тұран» футболшылары 24 команданың арасында үздік сегіздікке енді. Бірінші рет қатысқан команда үшін бұл жақсы нәтиже.
Түркістан облысында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің қолдаумыен балалар футболын дамытуға жағдай жасалып жатыр. «Тұран» футбол академиясы құрылып, шетелден бапкерлер тартылған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ