Тұмаудың өршуі желтоқсанның ортасына дейін жалғасады

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елдегі эпидемиологиялық жағдайға қатысты болжам айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, халық арасында “гонконг тұмауы” аталып кеткен вирусқа кез келген жастағы адамдар шалдығуда.
Бұл – бүгінде ЖРВИ мен тұмауға себеп болып отырған көптеген вирустың бірі. Әрине, адам жасы үлкен болса да, тым кішкентай болса да, кез келген вирустық инфекция ауыр өтеді. Елде осы апта мен келесі аптада жылы ауа райы сақталады. Біздің болжам бойынша, желтоқсанның ортасына дейін вирустық инфекциялардың өсімі тіркелуі мүмкін. Сол себепті адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болған жөн. Қолды жиі жуу, бөлмені желдету керек, маска тағып жүру де артық болмайды. Жалпы халық үшін маска тағу міндетті емес. Бірақ медицина қызметкерлеріне бұл талап міндетті, – деді еліміздің бас дәрігері Сенаттың кулуарында берген сұхбатында.
Министр күн суытса, індеттің бәсеңдейді деп отыр.
Тұмаудың таралуын тоқтату үшін, ең кемі екі-үш апта суық ауа райы қажет. Сонда вирустың айналымы да азаяды, халықтың сыртта және қоғамдық орындарда жүруі де қысқарады. Егер аяз болса, жағдай тұрақталады. Бірақ алдын ала болжам бойынша, бұл процесс желтоқсанның ортасына дейін созылуы мүмкін. Биыл тұмау маусымы былтырғыға қарағанда 3–4 апта ерте басталды. Өздеріңіз көріп отырсыздар, биыл күн райы өте жылы. Жалпы жылыну құбылысы барлық жерде байқалады. Сондықтан бұл жағдай тұмау мен ЖРВИ-дің әдеттегіден ертерек өршуіне әсер етіп отыр, – деді Ақмарал Әлназарова.




