Түлкібастықтар “мектебіңе домбыра сыйла” акциясын саурандықтарға жолдады

 Былтыр Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына орай Түлкібас ауданында бастау алып, биыл «Балалар жылы» аясында жалғасын тапқан «Мектебіңе домбыра сыйла» акциясы аудандық мәдениет үйінде қорытындыланды. Ұлттық домбыра күніне орайластырылған шараға Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Е.Орманов, аудандық мәслихаттың хатшысы С.Сейсенбаев, Сауран ауданы әкімінің орынбасары С.Сәдібаев, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Е.Қадірбек, мектеп директорлары мен зиялы қауым өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.
Мерекелік жиында аудан әкімінің орынбасары Е.Орманов пен мәслихат хатшысы С.Сейсенбаев аудан жұршылығын мерекелерімен құттықтап, акцияға белсенді қатысқан азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Осы ретте мереке күнге орайластырылған шара барысында Тұрар Рысқұлов мектебінен кейін эстафета тізгінің ұстаған Бауыржан Момышұлы мектебінің домбыра үйірмесіне 50 домбыра сыйға тартылды. Содан соң эстафетаны аудан әкімінің орынбасары Ербол Керімбекұлы саурандық әріптесі Серік Өмірханұлына табыстады. Тиісінше Серік Өмірханұлы саурандықтардың атынан естелік сыйлығын табыс етіп, аудан жұртшылығын айтулы мерекемен құттықтады.Жиын жалғасы аудандық өнер мектебінің жас өнерпаздары мен аудандық мәдениет үйінің қызметкерлерінің орындауындағы концерттік бағдарламаға ұласты. Елуден астам жас домбырашы ұлттық аспабымызда күй шертіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Айта кетерлік, өткен жылдың аяғында бастау алған акция барысында ауданымыздағы мектептерге сол мектептің түлектері, депутаттар мен кәсіпкерлер, ардагер ұстаздар мен ауыл тұрғындары тарапынан 400-ге жуық домбыра сыйға тартылды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ