Түлкібас: келер жылы Арыс ауылдық округінің 17 гектар аумағына инфрақұрылым тарту жоспарлануда

Бұл жаңалықпен бүгін аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов Арыс ауылдық округі тұрғындары алдындағы есептік кездесуінде бөлісті. Аталған округте өзекті мәселенің шешілуіне республикалық бюджеттен келесі жылға газ, су, электр желісін тартуға қажетті қаржы қарастырылған. Нәтижесінде округ аумағы кеңейіп, жер кезегінде тұрған 68 азаматқа жер телімдерін үлестіру жоспарлануда.

Жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Хамит Байысбаев бастаған халық қалаулылары, мекеме басшылары қатысты.

Сұрақ-жауап форматында өткен басқосуда тұрғындар көтерген мәселенің дені жер қатынастары саласына қатысты болып, әр ұсыныс-өтінішті аудан басшысы назарға алып, жауап берді.

Кездесуден соң Нұржан Жақсылықұлы, мәслихат депутаттары және тиісті мамандармен бірге округ орталығынан бой көтеріп жатқан заманауи жабық футбол алаңының құрылысының басында болып, жұмыс барысын бақылады.

Демеушілер есебінен 108 млн.теңгеге бой көтеріп жатқан нысанда киім ауыстыру, жуыну бөлмесі және төрешілерге арналған кабинет қарастырылған. Қазіргі таңда ішкі әрлеу және жасанды жабындыларын төсеу жұмыстары қалып отыр. Спорт ғимаратының құрылыс жұмыстары алдағы қараша айында толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

ПІКІР ЖАЗУ