Түлкібас: қаржы саласының ардагерлері мен қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Осыдан 30 жыл бұрын 1993 жылы 15 қараша күні ұлттық валютамыз-төл теңге айналымға енген болатын. Ел Президентінің Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді.

Осыған орай, бүгін аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов  және аудандық мәслихаттың төрағасы Хамит Байысбаев ауданымыздың әлеуметтік-экономикасының өсуіне сүбелі үлес қосып келген қаржы саласының ардагерлері мен қызметкерлерін арнайы қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтап, алғыс хат және естелік сыйлықтармен марапаттады.

Сонымен қатар, жиында қаржы саласынан зейнеттікке шыққан ардагерлеріміз бен осы салада басшылық етіп жүрген мекеме басшылары мерекелік сөз сөйлеп, ыстық лебіздерін білдірді.

Тарихқа зейін салсақ  ұлттық валюта-төл теңгеміздің пайда болуын халқымыз зор қуанышпен және үлкен сеніммен қарсы алды. Себебі, сол кезеңдегі Қазақстанның басынан кешкен экономикалық қиыншылықтарының басым бөлігі қаржы айналымында рубльдің тым көп көлемінің болуымен тікелей байланысты еді. Ал, өнеркәсіптік өндіріс, ауыл шаруашылығы құлдырау үстінде болатын.

Міне, осындай күрделі кезеңде Мемлекет басшысының теңгені айналымға енгізу туралы шешімі шын мәнісінде көреген әрі дер кезінде қабылданған шешім болды. Бұл Қазақстанның дамудың даңғыл жолына түскендігін айғақтады, себебі валюта кез келген мемлекеттің егемендігінің ажырамас бөлшектерінің бірі болып табылады.

Ұлттық валютаның енгізілуімен қатар 1993 жылы мемлекет басшылығы бүкіл қаржы жүйесін нығайту бойынша кешенді шаралар қабылдады. Соның арқасында Қазақстан тәуелсіздік жылдарында толайым табыстарға қол жеткізе алды.

ПІКІР ЖАЗУ