Түлкібас: Балықты ауылдық округінде 65 азамат өз жеке кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алады

Бүгін Балықты ауылдық округіне аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов арнайы барып, халық алдындағы дәстүрлі есебін өткізді.

Кездесуге аудандық мәслихаттың төрағасы Хамит Байысбаев, мәслихат депутаттары мен мекеме басшылары қатысты.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған жиында тұрғындар талап-тілектерін аудан басшысына жеткізіп, қанағаттандырарлықтай жауап алса, ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелеріміз ауданда, оның ішінде округ аумағында атқарылып жатқан істерді оң бағалап, ақ баталарын берді.

Жиыннан соң жеке мәселелерімен келген азаматтарды Нұржан Жақсылықұлы жеке қабылдап, өтініштеріне құлақ асты.

Бүгінде елімізде мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп жатқан ауылдар аз емес. Солардың қатарында ауданымызға қарасты Балықты ауылдық округі де бар.

«Ауыл аманаты» пилоттық жобасына енген округте бүгінгі таңда 65 азаматтың өз жеке кәсібін дөңгелетуге мемлекеттен жеңілдетілген 2,5 пайызбен несие алуға берген өтінімдері мақұлданып, оның 55-і қаржыландырылған. Соның ішінде 45 кәсіпкер сауынды сиыр, 2-і құс шаруашылығы, 8-і жылқы шаруашылығын дамытуға бел буып отыр.

Аудан әкімі кездесуді пайдаланып, округ тұрғындарына аталған бағыттағы жұмысты тоқтатпай, жыл соңына дейін мемлекеттің бұл қолдауын барынша пайдалануға шақырды. Жеке кәсібін ашамын деуші азаматтардың құжаттарын рәсімдеуге жергілікті әкімдік және тиісті бөлім тарапынан барлық әдістемелік көмектер көрсетілетіндігін жеткізді.

Сонымен қатар, аудан басшысы алдағы уақытта көп жылдан бері шешімін таппай келген округ аумағындағы Арыс және Көкбұлақ өзендерінің бойындағы қауіпті аймақтарды бекіту жұмыстары атқарылатынын мәлімдеп, қазіргі таңда Заң талаптарына сай мердігерді анықтау жұмыстары атқарылып жатқандығын атап өтті.

Сондай-ақ, жуық арада округ орталығын көгалдандыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылатынын тілге тиек етті.

Айта кетерлік, биыл округ орталығына қарасты Айдағараев және Нарботаұлы көшесінің қиылысындағы 700 метрден астам аумақ арнайы сәнді қоршаумен қоршалып, суғару жүйесін жүргізілді. Ендігі кезекте қоршау ішіне сәнді ағаштар отырғызу және газон егу жұмыстары атқарылмақ. Бұл жұмыстар қазан-қараша айларына жоспарланып отыр.

ПІКІР ЖАЗУ