Түлкібас ауданында жаңа емхана пайдалануға берілді
Бүгін Түлкібас ауданына қарасты Састөбе кентінің тұрғындары үшін қуанышты күн. Көп жылдан бері кент тұрғындарының көкейінде жүрген өзекті мәселенің бірі емхана мәселесі шешімін тапты. Кент орталығынан 75 адамды қабылдауға шақталған заманауи емхана пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға аудан әкімі Нұрлан Байғұт және аудандық аурухананың бас дәрігері Жанат Тогайбекова арнайы қатысып, жергілікті тұрғындардың қуанышымен бөлісті.
«Елімізде мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тікелей бастамасымен медицина саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның бір дәлелі бүгін міне ауданымызға қарасты Састөбе кентінде орын алып отыр. «Ауыл Ел-Бесігі» мемлкеттік бағдарламасы аясында тәулігіне 75 адамға медициналық қызмет көрсетуге қауқарлы жаңа медициналық нысан пайдалануға беріліп отыр»-деп, аудан басшысы кент тұрғындарын жаңа ғимараттарымен құттықтады.
Ауыл ақсақалдары мен аудан әкімі жаңа ғимараттың лентасын қиып болған соң, нысанды аралады.
Жалпы аумағы 1 гектер жерде орналасқан нысанның айналасы толығымен қоршалып көгалдандырылған. Ғимаратының аумағы 940 шаршы метрді құрайды. Ішінде 20-дан астам заманауи жабдықтармен жабдықталған ем-дом көрсететін және емделушілер қаралатын бөлмесі бар. Бұл жерде отыздан астам ақ халатты абзал жандар халыққа қызмет көрсететін болады. Оның ішінде 5 учаскелік дәрігер, қалғаны медбикелер.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі