Түлкібас ауданында 21 елдімекеннің ішкі кқшелері толық жарықтандырылды

Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында 10 айдың қорытындысы бойынша өткен брифингте Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұт айтты.

– Аудандағы 61 елдімекеннің 59-ы, яғни 99,8 пайыз орталықтандырылған ауызсу құбырымен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 28-і тік ұңғыма көздерінен, ал қалған 31-і бастау көздерінің ауыз суын пайдалануда. Қалған 3 елдімекен таулы аймақта орналасқан бұлақ суын пайдаланып отыр. Ал электр қуатымен толық қамтамасыз етілді. Газбен қамту көрсеткіші 99,8 пайызға жетті. Ондағы 1 елдімекеннің газ құрылысы келесі жылға өтпелі, – деді Нұрлан Мархабатұлы.

Спикердің сөзінше, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Шақпақ, Балықты және Жаскешу ауылдық округтерінің 22 ішкі жолына жөндеу жұмыстары іске асуда. Балықтыдағы 13 көше толық жөнделіп, ел игілігіне пайдалануға берілген. Шақпақ ауылындағы 7 көше мен Жаскешу ауылындағы 2 көшенің жөндеу жұмыстары келесі жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен 8 елдімекеннің 15 көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары іске асуда. Оның 9,7 шақырымды құрайтын 11 көшесі толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Ал 4,1 шақырымды құрайтын 4 көше келесі жылы аяқталады.

Айта кетейік, аудан тұрғындарының өтінішіне сәйкес, 21 елдімекеннің ішкі көшелері толық жарықтандырылды. Олар – Шұқырбұлақ, Ынтымақ, Еңбек, Енбекші, Қызылбастау, Көксағыз, Махталы, Ақбиік, Құлан, Састөбе, Майтөбе, Т.Рысқұлов, Қарағашты, Мыңбай, Жабағылы, Тастыбұлақ, Түлкібас кенті,Тастұмсық, Қарабастау, Жаскешу, Көкбұлақ.

ПІКІР ЖАЗУ