Түлкібас: аудандық кітапханада “ашық есік күні-2023” өтті

Түлкібас аудандық орталық кітапханасында Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен “Кітапханадағы ашық есік күні – 2023» фестивалі және «Әлемді кітап арқылы танимын» байқауы өткізілді. Дүбірлі іс-шараға Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Орманов Ербол Керімбекұлы, аудан әкімінің кеңесшісі Сейсенбаев Садуақас, ауданымыздың Құрметті азаматы, маслихат депутаты, “Ауыл” ХДП партиясы Түлкібас аудандық филиалының төрағасы Көлбаев Оспан Оңалбекұлы, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сейфуллаев Ерлан Перненұлы, Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының оқу залы бөлімінің меңгерушісі Таңат Перизат Таңатқызы, кітап қорын толықтыру бөлімінің кітапханашысы Пернехан Балнұр Ерланқызы, Түлкібас аудандық түрік этно-мәдени орталығының төрағасы Абилов Жумабек Жолшыұлы қатысып, игі тілектерін білдірді.

“Ауыл” ХДП партиясы Түлкібас аудандық филиалының төрағасы Көлбаев Оспан Оңалбекұлы ауыл партиясының жыл сайынғы жас ақындар мен қаламгерлерді қолдау мақсатында шығарған шығармалар жинағын аудандық кітапхана директоры Қамар Мекембайқызына сыйға тарту етті. “Жылжымалы кітапхана” жобасына адам көп шоғырланатын базар маңынан арнайы кітапханалық бөлме беретіндігін айтты. Ауданымыздың жас өнерпаздары өнер көрсетіп, облысымызға белгілі жас айтыскер ақын Серік Жұмаділ өлкеміздің тамаша табиғаты мен кітапханашылардың ерен еңбегі туралы арнауын жеткізді. Ашық аспан астында ұйымдастырылған “Бір ел-бір кітап-2023” және “Түркістанның таңдаулы туындысы” акциялары аясындағы кітап көрмелеріне шолу өткізілді. Аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен “Бала руханиятының тірегі” атты кітап көрмесі, кітап инсталляциялары және кітапханалық безендірулер көрермен назарына ұсынылды. Ауданымыздың мақтанышы “Ақсу Жабағылы қорығының” қызметкерлері келіп, арнай эспонаттардан құралған көрме ұйымдастырды. Кітапхананың оқу залында “Бізде қонақта…” жобасы аясында кітапхананың үздік оқырмандары Көлбаев Оспан және Керикулова Балзирамен оқырман бенефисі өткізілді. ZOOM платформасы арқылы Абай облысы, Үржар аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлерімен кітапты насихаттау мақсатында «Кітапхана әлемі – мәңгілік рух қайнары» атты тақырыпта онлайн форматта теле көпір өткізілді. Іс – шараның мақсаты: басқа облыстар мен қалалық, аудандық кітапханалармен байланысу арқылы, кітапханашылар арасында кітапты, кітапхана жұмысын насихаттай отырып, әріптестік байланысты нығайту. Кітапхананың автоматтандыру жүйесін дамыту арқылы Түркістан облысы бойынша бір электронды база қалыптастыруға қадам жасау мақсатында Рабис бағдарламасының жұмысы таныстырылды. Аудандық орталық және аудандық балалар кітапханасының кітап қоры Рабис каталогизатор жүйесіне 99 пайыз енгізгендігі баяндалды. Бағдарламаға сәйкес келесі кезекте “Әлемді кітап арқылы танимын “атты аудандық байқауы өткізілді. Кітап оқуды кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған додада бас жүлде Тастұмсық ауылдық кітапхананың тұрақты оқырманы Тавшанова Тахминаға бұйырды.

ПІКІР ЖАЗУ