Түлкібас – алма баққа оранған құтты мекен!
Тау баурайында орын тепкен ауданда алма бау шаруашылығын дамытуға қолайлы өңір. Түні салқын аумақта соңғы жылдары алма шаруашылығы қарқынмен дамып келеді. Ірі шаруашылықтармен қатар үй іргелік жерлерге де алма егу ауданда дәстүрге айналған. Жылына 25-35 мың тонна жинайтын ауданның алма бағбандары биылғы жылы мол табысқа кенеліп отыр.
Осы мақсатта аудан әкімі Н.Байғұт жұмыс жоспарына сәйкес ауданның бренді болып саналатын алма шаруашылығымен айналысып жүрген «Көктал» шаруашылығына қарасты 1700 тонна сыйымдылығы бар қойма жұмысын аралап, шаруашылықтың биылғы терімімен танысты. Жастайынан алманың қыр -сырын білетін, жас кәсіпкер Серік Төлешов шаруашылықтың биылғы терімін айта отырып, уақтылы алманы жинағанын жеткізді.
Аудан басшысының Нұрлан Мархабатұлы іссапары Жаскешу ауылдық округінде жалғасты. Округке қарасты «Қызылжар» демалыс аумағына атбасын бұрып, кәсіпкермен кездесті. Кездесуде демалыс орнының басшысы тамаша табиғаттың аясында бой көтерген демалыс аймағына инфрақұрылым тарту мәселесіне көмек қажеттілігін тілге тиек етіп, аталған нысанды облыстық бизнестің жол картасына енгізуге қолдау көрсетуін сұранды.
Нұрлан Мархабатұлы кәсіпкердің өтінішін қанағаттандыру мақсатында салалық бөлім арқылы тиісті жұмыстар атқарылатындығын жектізді.
Сонымен қатар Нұрлан Мархабатұлы демалыс аймағында орын тепкен балық шаруашылығының жұмысын аралады.
Соңғы жылдары ауданда балық шаруашылығымен айналысушылар саны артып, бұл кәсіптен пайда тауып отырған жандардың саны артқан.
Аудан әкімі жұмыс сапарын Шарафкент ауылындағы мал бордақылауымен айналысатын «Дулат» шаруашылығынан тәмамдады. Шаруашылық басшысы мал бағу кәсібі ата-бабадан келе жатқан дәстүр екенін жеткізе отырып, мемлекеттен беріліп жатқан төмен пайыздық несие алып, мал санын арттырып, кәсіпті дамытуға қол ұшын беруді сұрады. Нұрлан Мархабатұлы аталған мәселелер бойынша заң талаптарына сәйкес тиісті бөлім басшыларына қолдау көрсетуге тапсырмалар жүктеді.