Түлкібас: ағымдағы жылы 1311 бала өмірге келген
Жақында елімізде тарихи оқиға тіркелді. Қазақстанда халық саны 20 миллионға жетті.
Қуанышты сәттен Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов те қалыс қалмай, сол күні аудандық перзенханада дүниеге келген нәрестелердің аналарын құттықтап қайтты.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 14 қараша күні сағат 8:10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облысында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз құттықтауында «Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді» деген болатын. Дәл осы күні жалпы облыста 139 бала дүние есігін ашса, Түлкібас ауданында 5 сәби туылған. Жыл сайын республикамызда дүниеге келетін 400 мыңнан астам баланың әрбір жетіншісі Түркістан облысында дүниеге келеді. Ағымдағы жылдың 9 ай қорытындысымен Түркістан облысында 41 595 бала дүниеге келсе, соның 1311 Түлкібас ауданында туылған.