Цифрландырудағы басты мәселе: Президент сыны нені меңзейді?

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент “жасанды интеллектіні толыққанды енгізу бүкіл цифрландыру саясатының өзегі болуы тиіс” екенін айтты. Саясаттанушы Аман Мәмбеталиев бұл сөзді көпшілік дұрыс түсінбейтінін жеткізді. Оның ойынша, Мемлекет басшысының отырыста айтқан сыны да соны меңзейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кейде Президент айтып кеткен жаппай цифрландыруды енгізу екінші кезектегі нәрсе сияқты болып кетеді. Мұны көпшілік дұрыс түсінбейді деп ойлаймын. Кейбіреулер оны тек қана бір бөлім ашып қою, кішкене бюджет бөлу, уақытша бір нәрсе істеу сияқты көреді. Яғни “для галочки” істеп қоя салу деген түсінік бар. Президент сын айтқан кезде де осы мәселені меңзеген сияқты, – деді саясаттанушы.

Ол жасанды интеллект пен цифрландыру бүкіл процестің, бүкіл ойлау жүйесінің фундаменті болуы керек екенін атады.

Экономика жағынан болсын, менеджмент жағынан болсын, жасанды интеллект пен диджитализация процестің өте маңызды бөлігі болуы тиіс. Жаппай цифрландыру деген – бүкіл механизмнің толыққанды жұмыс істеуінің негізін құру, цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні барлық салаға енгізу, – деді Мәмбеталиев.

Саясаттанушы жасанды интеллектіні әртүрлі салаларға енгізу үшін алдымен саланы зерттеу қажет екеніне тоқталды.

Мысалы әртүрлі салаларда белгілі бір функциялар бар. Нені, қалай енгізу керегін алдымен мамандар толық зерттеп, қарап шығуы керек. Зерттелгеннен кейін жасанды интеллектіні сол процеске үйрету қажет. Кейін жасанды интеллект тексеріп, анализ жасап, қайсысы дұрыс, қайсысы дұрыс емес екенін анықтайды, кейбір процестерді өзгерту керек пе, соны көрсетеді. Жалпы, адами фактор азайып, автоматизация жүруі керек деген ой айтылды. Міне, меніңше, негізгі мәселе – осы, – деп қорытындылады маман.