Трамп Ресейге жақ па? – сарапшы аймақтағы ахуалды түсіндірді

Ресей Қырымға ерекше мәртебе алуға тырысып отыр, ал Трамп екі елді де қысымға алып, бейбіт келісімге әкелмекші. Сарапшы Жанат Момынқұловтың пікірінше, Украина ұсынылған талаптарға келіспейді, ал Мәскеуге келіссөздің дәл қазір басталғаны тиімді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Саясаттанушы әрі халықаралық қатынастар жөніндегі маман Жанат Момынқұловтың айтуынша, дәл қазіргі сәтте Ресей Украинаның төрт облысын толық бақылауына ала алмайды. Мәскеу үшін соғыстың тым ұзаққа созылуы да тиімсіз. Оның пікірінше, Ресей президенті Владимир Путин үшін келіссөзге келудің ең ыңғайлы сәті – осы көктем.

Путинге 9 мамырға дейін қандай да бір келісімнің іргесін қаласа жеткілікті, күзде келесі кезең басталады. Бұл – көп сатылы стратегияның алғашқы қадамы ғана. Сондықтан Мәскеу үшін ең маңыздысы – Қырым мәселесі, – дейді ол.

Сарапшы бұл жағдайды былай сипаттайды: 2014 жылғы оқиға қайта оралды деуге болады.

Момынқұловтың сөзінше, Украина АҚШ ұсынған бейбіт келісім талаптарына келіспейді. Өйткені құжатта Қырым Ресей аумағы ретінде мойындалуы тиіс деген шарт бар. Бұл ұсынысқа Еуропа елдері де қарсы.

Қырым – әлемдік геосаясаттың кеудесіне таққан маржаны. Бұл шиеленістің бәрі сол жерден басталды, – деді сарапшы.

Саясаттанушы Ақ үйдің әрекетіне былай деп баға берді: Дональд Трамп қазір екі тарапқа да қысым жасап отыр. Басты мақсаты – тез арада бейбіт келісімге келтіру. Бірақ АҚШ Ресейді бірден қарсы қоймай, керісінше, болашақ серіктес ретінде де қарайды.

АҚШ-қа Ресей керек. Ол – болашақта нарық, қазба байлықтарға бай ел. Жалпы Ресей қақтығыстан онсыз да әлсіреді, – дейді Жанат Момынқұлов.

Сарапшының пікірінше, Ресей бастапқыда Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарын толық алуды жоспарлаған, бірақ кейін Қырымға басымдық беруге көшті.

Қырымға болашақта ерекше мәртебе берілуі мүмкін. Ресей үшін тарихи жағынан маңызды екенін ескеріп, жартылай кепілдік беру жолы қарастырылуы ғажап емес. Ал қалған территориялар уақытша “мұздатылатын” сияқты. Әрине Киевте бейжай қарап қалмайды, – деп түйіндеді сарапшы.

АҚШ Парижде Украинаға бейбітшілік жоспарын ұсынды. Президент Трамптың “соңғы ұсынысы” деп сипатталған құжатта Қырымды Ресейге заңды түрде мойындау қарастырылған.

Трамптың ұсынған жоспарында Ресей не ұтады?

– Қырымдағы бақылауды АҚШ-тың заңды түрде мойындауы.

– Луганск облысының көп бөлігі мен Донецк, Херсон, Запорожье облыстарының басып алынған бөліктеріндегі де-факто бақылауын мойындау.

– Украинаның НАТО-ға мүше болмайтынына уәде. Бірақ құжатта Украина ЕО-ға мүше бола алады делінген.

– 2014 жылдан бері енгізілген санкциялардың алынуы.

– Энергетика және өнеркәсіп салаларында АҚШ-пен кеңейтілген экономикалық әріптестік.

Украина иелігіне не қалады?

– Бірқатар еуропалық және одақтас елдердің қатысуымен қауіпсіздік кепілдіктері. Бірақ бұл бітімгерлік миссияның нақты қалай жұмыс істейтіні, әсіресе АҚШ-тың қатысатыны жайлы ештеңе айтылмаған.

– Ресей басып алған Харьков облысының шағын бөлігін қайтару.

– Днепр өзенімен кедергісіз жүру мүмкіндігі.

– Қалпына келтіру үшін өтемақы мен көмек. Бірақ қаражаттың қайдан алынатыны нақты көрсетілмеген.

Басқа да маңызды тармақтар

Запорожье атом электр станциясы – Еуропадағы ең ірі АЭС – Украина аумағы ретінде қарастырылады, бірақ оны АҚШ басқарады, әрі электр энергиясы Украина мен Ресейге де беріледі.

Құжатта Трамп қол қояды деп жоспарланған АҚШ-Украина арасындағы пайдалы қазбалар туралы келісім де аталады.

Бұл жоспар Трамптың өкілі Стив Уиткоффтің өткен аптада Путинмен 4 сағаттан астам уақыт кездескенінен кейін әзірленген. Құжат ұсынылғаннан кейін Путин қазіргі шепте соғысты тоқтатуға дайын екенін мәлімдеген. Бұл – оның бейбіт келісімге баруға дайын екенін білдіретін ең ірі қадамы. Дегенмен, еуропалық шенеуніктер бұған сақтықпен қарап отыр.

ПІКІР ЖАЗУ