Төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары пысықталды

Төтенше жағдайды алдын алу қай кезде де күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе. Осы орайда бүгін аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан аумағындағы төтенше жағдайларды алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.   Жиынды аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы М.Жанесен жүргізді. Комиссия мүшелері мен ауылдық округ, кент әкімдері қатысқан алқалы жиында алдағы қыс мезгіліне дайындық мәселесі басты назарда болды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық “Төтенше жағдайлар бөлімі” бастығы, аудандық «Тұрғын үй комуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» басшысы мен «КазТрансГаз Аймақ», «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемелерінің аудандық филиал басшылары жалпы қыс мезгіліндегі орын алуы мүмкін төтенше жағдайларға дайындық бойынша баяндамаларын жасап, комиссия мүшелері тарапынан қойылған сауалдарға жауап қатты.

Баяндамашылар өз баяндамаларында жауапты мекемелердің техникалық базалары мен республикалық, облыстық және аудандық жолдардың қыс мезгіліне дайындығына кеңінен тоқталып өтті. Соның ішінде, су шаю қауіпі бар Арыс өзенінің бойындағы Арыс, Рысқұлов, Машат және Тастұмсық ауылдық округтеріндегі аймақтарды күшейту меселесі жан-жақты талқыланды. Аталған мәселенің алдын алу бойынша тиісті құжаттар дайындалып қойған Рысқұлов және Машат ауылдық округтеріндегі қауіпті учаскелерді күшейтуге қаржы қарастыруға бюджеттік комиссияға ұсыныс берілген. Қаржы бөлінгеннен соң аталған аймақты тазалау, өзен арнасын күшейту жұмыстары іске аспақ.

Сондай-ақ бас қосу барысында аудандық «Төтенше жағдайлар бөлімі» басшысы Б.Әзімбаев жауапты мекемелер төтенше жағдайларға тәулігіне 24 сағат дайын болуын ескеріп, бекітілген алгоритімге сәйкес іс-қимылды тез арада орындау қажеттігін атап өтті. Отырысты қорытындылаған Марат Сүгірәліұлы газдан улану мәселесін алдын алу бойынша жауапты мекемелерге біршама тапсырмалар жүктеп, жылыту маусымы кезінде қайғылы жағдайдың орын алуына бірден-бір себепкер болатын иран пештерін қолданатын үй егелеріне тағыда ескерту жасап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп шығуды тапсырды.

Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ