Төтенше жағдайдың алдын алу шаралары өтті
Қоғамдық орындардағы қауіпсіздік аса маңызды. Әсіресе, адам көп жиналатын ғимараттардағы тәртіп бірінші кезекте сақталуы тиіс. Себебі, төтенше оқиға туындай қалғанда адамдардың өздерін сабырлы ұстап, ережеге сәйкес әрекет етуі көп адамның өмірін сақтап қалуда сеп болады. Осыған орай Шымкент қаласында «ерекше кезеңде» немесе табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларда қала тұрғындарын эвакуациялау іс-шаралары өтті. Бұл туралы Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Төтенше жағдайлар кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында эвакуациялық жинау және зардап шеккендерді қабылдау пунктінде практикалық жаттығу өтіп, тұрғындарға ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жаттығудың негізгі мақсаты – төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарды пысықтап, жауапты қызметтердің бірлескен әрекеттерін үйлестіру, сондай-ақ халықтың эвакуациялау рәсімдерін жаттықтыру.
Қазіргі таңда, қалада 167 эвакуациялық-жинау және зардап шеккен халықты қабылдау пункттері ұйымдастырылған.
А.С. Пушкин атындағы №1 мектеп -гимназияның базасында Қалалық эвакуациялау комиссиясының мүшелерімен бірге өткен іс-шараға Шымкент қаласы ТЖ департаментінің, қалалық 22 азаматтық қорғау қызметтерінің өкілдері және жақын орналасқан тұрғын үйлердің тұрғындары қатысты.
Апатты жағдайда қауіпсіз аймаққа қалай бару керек екенін, онда мамандар арнайы жасақталған топтардың жұмысын тұрғындарға көмек көрсету арқылы тәжірибе жүзінде түсіндірілді. Сондай-ақ, жаттығу барысында эвакуациялық жинау пункті ұйымдастырылып, халықты қауіпсіз жерге шығару, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету және қабылдау пунктінде орналастыру бойынша іс-шаралар атқарылды. Жедел әрекет ету топтарының дайындық деңгейі, эвакуация процесінде түрлі жағдайларда тиімді шешім қабылдау қабілеттері тексерілді.
Сонымен бірге Төтенше жағдайлар департаменті жаңа технологиялардың мүмкіндігін ескеріп, «2ГИС» халықаралық картографиялық компаниясының кең мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қаладағы 167 эвакуациялық жинау және зардап шеккен халықты қабылдау пункттерін «2ГИС» (карта) қосымшасына енгізді.
Қаладағы мектептердің негізінде құрылған барлық эвакуациялық-жинау және зардап шеккен халықты қабылдау пункттерінің жұмысын пысықтау бекітілген жоспарға сәйкес өткізіледі.