Төлебиліктер толықтай табиғи газбен қамтылады

 «Ońtústik Qazaqstan».

Түркістан өңіріндегі туризм орталықтарының бірі саналатын Төлеби ауданы жыл сайын көркейіп, халқының әл-ауқаты, өмір сүру сапасы артып келеді. Төлебиліктердің биыл да қол жеткізген табыстары қомақты. Мәселен, 2022 жылдың 10 айында аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 109 млрд. 948 млн. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,5 пайызға артқан. Осы және басқа да көрсеткіштер бойынша аудан әкімі Төлеген Телғараев БАҚ өкілдерінің алдында есеп берді.

Төлеген Тұртайұлының айтуынша, өнеркәсіп саласында ауданда 20 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оның екеуі ірі және орта, 15-і шағын және үшеуі қосалқы кәсіпорындар. Бұл салада жыл басынан бері 35 млрд. 687 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Сонымен қатар, қазір құны 1 млрд. 700 млн. теңгені құрайтын 3 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Нәтижесінде 205 адам жұмыспен қамтылатын болады.

Ал, кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін субъектілер саны 8658 болса, оның 8428-і жұмыс істеп тұр. 17 мыңға жуық адам қызмет ететін кәсіпорындарда биыл 31 512 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Одан бөлек, кіші және орта бизнесті дамыту үшін жыл басынан бері 6100 азаматқа 3 млрд. 921 млн. теңге несие берілген. Оның ішінде, «Оңтүстік» АИО» ЖШС және «Ырыс» МКҰ арқылы 296 млн. 100 мың теңгеге 39 жоба қаржыландырылған. «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру бойынша ауданнан 38 жоба қатысса, оның іріктеуден өткен екеуіне жылдың соңына дейін «Даму» қоры арқылы 10 млн. теңге қаржы бөлінетін болады.

Ауданда негізгі капиталға бағытталған инвестициялар көлемі де артқан. Дәлірек айтсақ, өткен жылы инвестиция көлемі 13 млрд. 457 млн. теңге болса, биыл 14 млрд. 624 млн. теңгені құрап отыр. Бұл инвестициялардың өзге де тиімді тұстары баршылық. Мәселен, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында аудан әкімдігі мен «SHYMKENTCEMENT» АҚ арасында үш жақты меморандум орнатылып, соған сәйкес 2025 жылға дейін бірқатар әлеуметтік нысан құрылысы жүргізілу керек болған. Нәтижесінде биылғы жылдың 10 айында Ақбастау, Киелітас және Алғабас елді мекендерінде түнгі жарықтандыру жұмыстары толық аяқталыпты. Одан бөлек, Киелітас елді мекенін ауыз сумен қамту мақсатында қазу жұмыстарын жүргізіліп жатса, қазан айында Алғабас елді мекенінде спорт кешенін салу жұмыстары басталған.

Сонымен бірге, «Бизнестің жол карта-сы – 2025» бағдарламасы мен «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы арқылы қаржыландыру нәтижесінде жеке кәсіпкер Э.Еспенбетова Диханкөл елді мекенінде «Дихан Тау» саумалы сауықтыру орталығын іске қосқан. Құны 57 млн. теңгені құрайтын кешен бір мезгілде 25  отбасын қабылдай алады. Көксәйек ауылдық окургінде де «Сақ» демалыс аймағының құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытқа дейін мұнда балық шаруашылығы, тамақтану қызметі мен сақ моншасы іске қосылған. Жуырда Кемеқалған ауылдық округіндегі «Алма-тау» тау курортындағы қосымша қонақүй мен спорт кешенінің құрылысы да аяқталып, пайдалауға беріледі. Бұл жобаның құны 2 млрд. 650 млн. теңге. Ал, тау туризмін дамыту мақсатында «Қасқасу туристік-рекреациялық кешенінің» жобасын жүзеге асыру мақсатында инженерлік инфрақұрылым жүргізу үшін облыстық бюджеттен 1 млрд. 050. млн теңге қаржы қарастырылып, жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде, туризм саласына жыл соңына дейін 3 млрд. 757 млн. теңге инвестиция тартылып, 25 жұмыс орны ашылады. Осы орайда, ауданда 76 туристік нысан жұмыс істеп трғанын да атап өтуге болады. Бір шаңғы базасы, 4 емдік-сауықтыру орны, демалыс аймақтары мен саяжайлар биыл  32 мыңнан астам демалушыны қабылдап, 586 млн. теңгенің қызметі көрсетілген.

Ауданда ауылшаруашылығы саласындағы өнім көлемі 10 айда 52 млрд. 872 млн. теңгені құраған. Бүгінде Кемеқалған ауылдық округінде «Қазығұрт бақтары» деп аталатын 500 тонналық қойма құрылысы  жүргізіліп жатыр. Бұл жобаға тартылған инвестиция көлемі 150 млн. теңгені құрайды және 10 адам жұмыспен қамтылмақ.

Төлеби өңірінде су нысандарының мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Себебі, көктем айларында жауын-шашынның көп болуына байланысты өзендерде су деңгейі көтеріліп, көптеген канал бастарына айтарлықтай зақым келген. Осы орайда «Қыр» каналының жарамсыз 6 лотогының орнына 11 метрлік құбыр орнатылды. Сонымен қатар, «Атбұлақ», «Озерный», «Планировочный» каналдары мен «Кент» магистралды каналының 480 метрі және Тесіктас, Горный камень, Айналма және Блюскен-1 каналдарының 0,6 шақырымы қалпына келтірілген.  Оған қоса, Көксәйек, Қасқасу, Қаратөбе мен Қоғалы ауылдық округтеріне қарасты каналдардың 6,5 шақырымы, Науытсай, Жаманжар, Аққұм ішкі және Момынайтас каналдарының 12,5 шақырымы механикалық тазалаудан өткізілген.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен елді мекендердегі жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатқаны белгілі. Осыған орай, Төлеби ауданында 14 800 гектар жайлымды қайтару жоспарланса, он айда Қаулымен 8513 гектар және меморандум негізінде 22 151 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған.

Ауызсу саласына тоқталар болсақ, аудандағы 55 елді мекеннің 54-і орталықтандырылған ауызсу құбырымен қамтамасыз етілген. Ал, қалған бір ауылға ауызсу құбырын жүргізу үшін құжаттар әзірленіп, жоба қаржыландыру үшін тиісті салалық  басқармаға ұсынылған. Қазіргі уақытта 52 елді мекенде ауызсу тәулік бойы ағып тұрса, екі елді мекенде арнайы кестемен беріліп келеді. Сондай-ақ, 5 елді мекендегі қайта құруды қажет ететін ауызсу құрылысын аяқтауға республикалық бюджеттен 837 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл 4 елді мекеннің ауызсуы пайдалануға берілсе, біреуі келер жылға өтпелі.

Сондай-ақ, 55 елді мекеннің 48-і табиғи газбен қамтылып, 115 мыңнан астам тұрғын көгілдір отын қолданып отыр. Қалған 7 ауылды газбен қамтуға республикалық бюджеттен 472 млн. теңге қарастырылған. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталады. Жоба іске қосылғасын аудан тұрғындары толықтай орталықтанған газбен қамтылатын болады.

Аудан көлеміндегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1084 шақырымды құрайды. 2022 жылы аудандық бюджет есебінен ұзындығы 25,9 шақырымды құрайтын 20 көше орташе жөндеуден өткізілген. Ал, облыстық бюджет есебінен ұзындығы 20,7 шақырым болатын екі аудандық маңызы бар жолға және 13 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Бүгінде ауданда тұрғынүй кезегінде 4520 адамды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 1 млрд. 580 млн. теңгеге Ленгір қаласынан 180 пәтерлі 9 көпқабатты тұрғынүй салынған. Пайдалануға беру үшін облыстық бюджеттен 23,7 млн. теңге қарастырылып, 6 көппәтерлі тұрғынүй қолданысқа тапсырылды. Ал, қалған 3 тұрғынүйдің құрылысын аяқтау үшін облыстық бюджеттен 52,1 млн. қарастырылып, биылғы желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен бірге, Ленгір қаласында тағы да 60 пәтерлік 9 тұрғынүй бой көтермек. Жалпы, қазір 4890 төлебилік азамат тұрғынүй кезегінде тұр. Биыл 117 отбасы баспанамен қамтылған.

Төлеби ауданында экономикалық белсенді халық саны 48,6 мың болса, соның 46,2 мыңы жұмыспен қамтылған. Жұмыссыздар саны 1954 адамды құрайды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты – Жастар практикасы аясында оқу орнын бітірген 306 жас алғашқы жұмыс орнына жолданса, 700-ден астам азамат қоғамдық жұмыстарға тартылған. Әлеуметтік жұмыс орындарымен қамту мақсатында 200-ге тарта тұрғын кәсіпорындарға жолданып, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 38 азамат 5 мекемеге жұмысқа тұрған. Жалпы, 1700 азаматты тұрақты жұмыс орындарына жолдау жоспарланып, 1957 азамат жұмыспен қамтылған. Денсаулық сақтау, спорт, мәдениет салалары да ілгерілеп, дамымаса, кері кеткені байқалмайды.

– Биыл тұмса табиғатымен талайларды таңғалдырған Төлеби ауданына 90 жыл толып отыр. Аудан тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында көптеген жобалар жүзеге асырылып келеді. Мұнда туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Бұл сала айтарлықтай дамып келеді. «Қасқасу» туристік-рекреациялық кешенінің инженерлік-коммуникациялық желілерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Биыл ауданда екі мектеп бой көтерді. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы аясында «Жайлы мектеп» пилоттык ұлттық жобасы әзірленуде. Жоба аясында Ленгірде 1500 орындық, Бірінші Мамырда 1500 орындық, Достықта 900 орындық, Көксәйекте 600 орындық, сондай-ақ, Қосағашта 600 орындық жаңа мектептердің кұрылысы жоспарлануда, – деді аудан әкімі сөз соңында.

ПІКІР ЖАЗУ