Төлебиде той өтті дүрілдеген

Серікқали Жексенбаев, «Ońtústik Qazaqstan».

Өткен сенбіде Төлеби ауданының 90 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Ауа райы ашық болғандықтан тойға алыс-жақындағы ағайын тегіс жиналды десе де болады. Әсіресе алыстан менмұндалап тұрған Төле би бабаның еңселі ескерткіші жанына жиналған жұрттың қарасы қалың. Арасында Астана, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларынан келген мәртебелі қонақтар да аз емес.

Салтанатты жиында Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген тіс дәрігері Мүсілімбай Дайырбеков, ҰҚК-нің отставкадағы генералы Ержан Исақұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев, заң ғылымдарының докторы, белгілі меценат Бекет Тұрғараев, қоғам қайраткері Амалбек Тшанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов және басқа да зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, жиналғандарды ауданның мерейиойымен құттықтады. Белгілі әншілер Болат Бөкенов, Байғали Есенәлиев әннен шашу шашты.

Мерейтой «Тұғыры биік Төлеби» атты салтанатты іс-шарамен  ұласты. Мұнан кейін жиналған халық төменіректе орын тепкен «ETNO – АYYL» алаңында өткен  ұлттық спорт ойындары сайыстарын тамашалады. Одан әріде жастар алтыбақан тебуде.  Ашық аспан астында ұйымдастырылған ұлттық нақышпен өрнектелген түрлі көне экспонаттарды, зергерлік бұйымдар мен ат әбзелдерін тамашалаушылар да аз болған жоқ. Алаңда тігілген ақшаңқай киіз үйлер де көз тартады.

Осы Төле баба саябағынан басталған іс-шара  қала орталығындағы Мәдениет үйінде қайта жалғасты. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аудан тұрғындары мен қонақтарын құттықтап, сөз сөйледі:

«Баршаңызды Төлеби ауданының 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде тапсырма берді. Бұл ретте Төлеби ауданын дамыту ерекше назарда тұр. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, 1991 жылы ауданға Төле бидің есімі берілді. Бұл – тарихи тұрғыда заңды әрі әділ шешім еді.Төле би бабамыз кезінде Қазақ хандығының нығаюына,  елді біріктіруге айрықша үлес қосты.  Әйгілі «Жеті жарғы»  заңдар жинағын шығаруға атсалысты. Елге қамсау, туған жерге қорған болды.

Өзбекстанда елші болып жүргенімде Төле би бабаның Ташкенттегі кесенесіне зиярат етушілер өте көп екенін көретінмін. Әулие бабамызды қазақтармен қатар бауырлас елдер де құрмет тұтып,  қадірлейді. Бұл Төле би Әлібекұлының Түркі әлеміне ортақ тұлға екенін білдіреді. Бабамыздың «Біліп айтқан сөзге құн жетпейді»  деген сөзі бар. Мемлекетті дамытуда ең алдымен білім керек.  Білімділер біліп айтқан сөз бен идеялар ғана елге пайдалы болмақ.  Артында өшпес мұра қалдырған Төле би ескерткішінің Тәуелсіздік күнінде ашылуында мән бар.  Бұл – өткенге құрмет,  ұлт үшін қызмет еткен тұлғаға тағзым. Баршаңызды осы мерейлі оқиғамен құттықтаймын!

Төле би ауданының табиғаты ерекше. Ақсу, Сайрамсу, Бадам өзендері ағып өтетін Төлеби  – тарихи мұраларымызға өте бай өлке. Түркістан облысындағы ең биік

нүкте – Сайрам шыңы да осы ауданда орналасқан. Өлкеде 100-ден астам археологиялық, архитектуралық және тарихи ескерткіштердің орны белгіленген. Ауданнан табылған мәдени ошақтар ашық аспан астындағы мұражайға айналып отыр. Төлебиліктер бүгінде ынтымақ пен бірліктің қайнар көзі болып отыр. Елді басқарған Төле бидей дана бабамыздың есімімен аталған ауданның болашағы жарқын. Ауданда туризмді, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласын дамытуға толық мүмкіндіктер бар» деді өңір басшысы.

Ұлтымыздың ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келген ауданның 90 жылдық мерейтойында табыстар мен жетістіктерді сөз еткен Дархан Амангелдіұлы өткен 30 жылдан астам уақытта Төлеби ауданында мемлекет есебінен 30-ға жуық көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 1500 отбасы қоныс тойын тойлағанын тілге тиек етті. Ал, биыл наурыз айында дәл осы көп қабатты үйлерден 120 отбасы пәтерлі болған еді.  Өңір басшысы бұл күні тағы 60 отбасыға пәтер кілтін табыстады. Бұл үйлер мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған. Пәтерлер көпбалалы, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі жандарға және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға берілді.

Салтанаттты жиын соңы гала концертке ұласты…

 

ПІКІР ЖАЗУ