Төлебиде мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілді

Түркістан облысында биыл жалпы мемлекет есебінен 33 мектептің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда осы 33 мектептің 7-і ел игілігіне тапсырылса, жыл соңына дейін 13 мектеп пайдалануға берілетін болады. Одан бөлек, 6 230 оқушыға шақталған 35 жекеменшік мектеп пайдалануға берілмек.

Соның бірі бүгін Төлеби ауданында Шомшақты жалпы орта мектебінің жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, аудан әкімі Төлеген Телғараев қатысып, ізгі тілектерін білдірді.

– Түркістан облысында бүгінгі күні жалпы 1 032 мектепте 519 904 оқушы білім алады. Облыс халқының 38%-ы балалар мен кәмелетке толмаған жасөспірімдер. 2023 жылы жалпы 6 230 оқушыға шақталған 35 жекеменшік мектеп пайдалануға берілсе, мемлекет есебінен 33 мектептің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда осы 33 мектептің 7-і ел игілігіне тапсырылса, жыл соңына дейін 13 мектеп пайдалануға берілетін болады. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы шеңберінде 2023-2025 жылдары облыста 49 мың оқушыға арналған 63 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Бүгін де мереке қарсаңында облысымызда бірқатар әлеуметтік нысандардың халық игілігі үшін пайдалануға берілуі үлкен қуаныш. Еліміздің болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Оқушыларымыз келешекте Отанымызға адал қызмет етіп, оның дамуына үлес қосатынына кәміл сенемін. Жаңа білім ордасының ашылуы құтты болсын, – деді Бейсен Дәулетұлы.

Аталған мектепте 220 оқушы екі ауысымда білім алады. Жүз орынды мектептің ескі ғимараты бір қабатты жапсарлас екі оқу корпусынан тұрады. Мектептің жаңа оқу корпусы 150 орынды. Мектепте оқу блогы, асхана, шеберхана, спорт залы және әкімшілік бөлмелері бар.

ПІКІР ЖАЗУ