Төлеби: жолдар қардан тазартылуы тиіс

Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Жиынның күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Қыс мезгілінде облыстық, аудандық маңызы бар жолдарды және ішкі көшелерді күтіп ұстау, қардан тазалау жұмыстары бойынша «Оңтүстік жолдары» МКК Төлеби учаске басшысы Асқар Дарменов пен «Жарық жолы» МКК директоры Асқар Тұртаев баяндады.

Төлеби аумағындағы жалпы пайдалымдағы облыстық маңызы бар  автомобиль жолдарының ұзындығы 230,74  шақырымды құраса,  қардан тазалау бағытында арнайы  10 дана техника жұмылдырылған. Инертті тайғаққа қарсы– 510 м3 құм мен  55 тонна тұз пайдалану жоспарлануда. Бүгінгі күні 11 қызметкер жолды қардан тазарту жұмысын жүргізуде. Қысқы кезеңде автокөлік құралдарының қауіпсіз және үздіксіз жүруін  қамтамасыз ету бойынша жұмыстары тұрақты бақылауға қойылып, тиісті жұмыстар атқарылуда екенін айтқан учаске басшысының баяндамасына қатысты аудан әкімі сұрақтар қойып, жолдарға қатысты ауылдық округ әкімдерінің пікірлерін тыңдады.

Ауданымыз таулы аймақ болғандықтан, қар көп түсетінін айтқан аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы үскірік пен сары аяз салдарынан жолдар тайғақ болуда екенін, оған инертті материалдар дер кезінде төселу қажеттігін ескертті. Бірінші кезекте, ереже бойынша жолдарда кептеліс болмауы үшін қозғалыс өте көп жолдар тазартылу қажеттігін айтып, жолаушылардың жолда қалмауы үшін жұмысты дұрыс жолға қоюды ескертті.

«Жарық жол» мекемесіне  қарасты жалпы жолдардың ұзындығы  – 804,99 шақырым болса, оның  ішінде: аудандық маңызы бар жолдар – 170,05 шақырым, 38 жол. Мекеме өз тарапынан 9 техника көмегімен жолды қардан тазарту жұмысын дер кезінде жүргізуде.

2023 жылы 01 желтоқсанға атқарылған жұмыстар бойынша  «Ленгір су» МКК-ны директоры Арнұр Ермекбай баяндама жасады. Мекеме басшысы аудан аумағындағы 55 елді мекеннің 54 елді мекені (98,18%,) орталықтандырылған құбыр суымен қамтамасыз етілгенін,  54 елді мекендегі 22344 абоненттің  20564 абонентіне (1200 абонент «СА-Маркетинг» ЖШС-де) (90,77 %) су есептегіш құралдары орнатылғанын айтып, бұл бағыттағы жұмыстардың орындалу барысын баяндады. Төлеби ауданының орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған 51 елді мекен ауыз су тарифі субсидияланатын елді мекендер тізіміне енгізілгенін, су жүйесін ағымдағы жөндеу жұмыстарын мекеме қаржысына жүргізілгенін айтып, мекеме бюджетінің кірісі мен бюджетінің игерілуіне  қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді.

Жиын соңында аудан әкімі сала басшыларына атқарылып жатқан жұмыстардың сапалы жүргізілуін және берілген тапсырмалардың мерзімінде орындалуын тапсырды.

ПІКІР ЖАЗУ