ТӨЛЕБИ – «ҮЛГІЛІ КӨШЕ» НОМИНАЦИЯСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

Төлеби ауданының 90 жылдық мерейтойына орай, аудан әкімі Төлеген Телғараевтың қолдауымен көркейту, санитарлық тазалық, көгалдандыру ісінде үздік деп танылғандарды ынталандыру мақсатында байқау өтті. Конкурсқа ауданның 55 елді мекені, 500-ге жуық көшесі қатысып, мұнтаздай тазалығы, абаттандыруымен танылып, көпшілікке үлгі болғандар марапатталды. Үш номинация бойынша жеңімпаз атанғандарға аудан әкімі тарту ретінде балаларға арналған ойын алаңшасын салып беру үшін бюджеттен арнайы 37 млн 500 мың теңге қаржы бөлді.

Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Үлгілі елді мекен», «Үлгілі көше», «Үлгілі аула» номинациялары бойынша іс-шара мәресіне жетті. Қоғалы ауылдық округі Ұзынарық елді мекені «Үлгілі елді мекен», Көксәйек ауылдық округі, Көксәйек елді мекенінің Төлеби көшесі «Үлгілі көше» номинациясы бойынша жеңімпаз болып танылды. Сыйлық есебінде балалар ойын алаңшасының құрылысы жүргізіліп, ел игіліне пайдалануға берілді.

Балалар ойын алаңшасының ашылуына аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Жұмабаев, Көксәйек ауылдық округінің әкімі Жексенбек Сарсаулетов қатысып, балаларды қуанышымен, тұрғындарды жеңісімен құттықтады. Ауыл ақсақалдары ақ баталарын беріп, игі істің ұйытқысы болған аудан әкімі Төлеген Тұртайұлына өз ризашылықтарын жеткізді.

Заманауи талапқа сай алаңшада ойын элементтерінің барлығы қойылып, балалардың қауіпсіздігі үшін едендеріне сапалы резеңке жабын төселді. Ойын алаңшасы балалардың бос уақытын тиімді өткізуге және спортпен айналысуына толық мүмкіндік береді.

Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ