Төлеби: көтерілген мәселелер заң аясында шешімін табады

Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Әр аптаның сейсенбі күні өтетін қабылдауда 10-ға жуық азамат өз өтініштері мен ұсыныстарын жолдады. Қабылдау барысында азаматтардың жер мәселелерінде шешімін таппай жүрген түйіткілді проблемалары тыңдалды.

Шымкент қаласының тұрғыны М.Қожабеков өзінің еркін күрестен жастарды, балаларды спортқа баулып жүрген бапкер екенін, шәкірттері республикалық, облыстық жарыстардан жүлдегер атанып жүргенін, дегенмен спортшылардың толыққанды жаттығуы үшін арнайы боз кілем қажеттігін айтып, көмек сұрады. Аудан басшысы спорт саласын дамыту – ең басты міндеттердің бірі екенін айтып, демеушілер көмегімен аталған мәселені шешуге ат салысатынын айтты.

Тасарық ауылының тұрғыны Б.Байжанов Е.Ерназаров көшесіне түнгі жарық шамдарын орнатып, электр қуатының әлсіз болуына байланысты трансформатор қуатын арттыру жайын әңгімеледі. Аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы қазіргі кезде бюджет есебінен ең бірінші 55 елді мекеннің орталық көшелерін жарықтандыруды қолға алғанын, ішкі көшелерге түнгі жарық орнату ісі кезеңімен жүзеге асатынын айтып, ал трансформатордың жарамдылығын тексеруді «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС –і басшысына тапсырды.

Көксәйек ауылының тұрғыны А.Түймебаев елді мекеннің Ш.Қалдаяқов атындағы көшесінің түнгі жарықтандыру мәселесін шешуді сұранды. Сондай-ақ, орталық көшеге жол кедергілерін орнатуды өтінді. Аудан басшысы Сайрам су өзені жағалауына жақын орналасқан көшеге түнгі жарық шамдарын орнату үшін бюджеттен арнайы қаржы қаралып, мәселе жуырда шешімін табатынын, ал жол кедергілер орнатуға қатысты облыстық жол басқармасына хат жолданатынын жеткізді.

Аққұм елді мекенінің тұрғыны М.Абдиев 5 көшеге ауыз су жеткізу мәселесін шешуді өтінді. Аудан әкімі аталған мәселені шешу бағытында бірнеше айлар бойы үздіксіз жұмыс  атқарылғанын, ауыз су жеткізу бағытында бірнеше рет келіс-сөздер жүргізілгенін айтып, оны түбегейлі шешу жолдары табылғанын айтты.

Қайнар елді мекенінің тұрғыны К.Саметов кәсіпкерлік мақсатта елді мекен шегіндегі жерді пайдалануды сұранды. Аудан әкімі жердің нысаналы мақсаты мен орналасқан аумағын зерттеп, шешім шығаруды жер қатынастары бөліміне тапсырды.

Зағамбар елді мекенінің тұрғыны Е.Майлыбаев өз тұрғын үйі маңындағы су құдығынан су ағып, қорасына, ауласына кіріп жатқанын айтып, көмек сұрады. Аудан әкімі аталған мәселені шешуді Ленгір су коммуналдық мемлекеттік мекеме басшысына жүктеді.

Аудан басшысы Төлеген Тұртайұлы әрбір азаматтың мәселелерін жеке әрі мұқият тыңдап, олар тарапынан жолданған сұрақтарға заң аясында жауап берді. Бірқатар мәселелерді алдағы уақытта зерделеп, қосымша хабардар етілетінін түсіндіріп,  бөлім басшыларына тиісті жұмыстар жүргізу жөнінде тапсырмалар беріп, оның орындалуын өзінің бақылауында болатынын атап өтті.

ПІКІР ЖАЗУ