Төлеби: діни тұрақтылықты қамтамасыз етіп жүрген азаматтар марапатталды

Барша мұсылман қауымына қасиетті Мәуліт айының құрметіне, 18 қазан – Рухани келісім күніне орай, аудан орталығындағы Зәм-зәм дәмханасында «Мәуліт Төлебиден басталады» тақырыбымен мерекелік жиын өтті.

Алланың елшісі Мұхаммед пайғамбардың туған мезгіліне орай мәуліт мерекесі бүкіл Қазақстанда 1 ай бойы аталып өтіледі. Мереке құрметіне орай, түрлі діни іс-шаралар ұйымдастырылып, халықтың дінге құрметі, пайғамбармызға деген сүйіспеншілігі арта түседі.

Мерекелік жиында ислам діні бойынша, бұл мерекенің маңызы Мұхаммед пайғамбардың өмірін насихатталып, жастарды имандылыққа, адамгершілікке және жақсылыққа тәрбиелеуге арналған әңгімелер айтылды.

Дініміздің асыл құндылықтарын дәріптеуге бағытталған жиында аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Ержан Төлепов жастарды имандылыққа тәрбиелеп, олардың бойына бауырмалдық, адамгершілік, ата-ананы құрметтеу қасиеттерін сіңіру және оларды түрлі теріс қылықтардан сақтау мен ұлттық құндылықтарды насихаттау жолында еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаты мен аудандық мәслихаттың Грамотасын табыс етті.

Рухани келісім, ұлттар мен дәстүрлі діндер арасындағы бірлік – баға жетпес байлығымыз, ал тұрақтылық – тұғырымыз. Бұл мерейлі күн жыл сайын облыс, аудан көлемінде жоғары деңгейде атап өтіліп келеді. Сол дәстүр биыл да ауданда жалғасып, мерекелік жиында аудан аумағындағы діни тұрақтылықты қамтамасыз ету саласында іскерлік қабілетін жоғары деңгейде көрсете білгендер марапатқа ие болды. Мәуліт мерекесіне аудандық кірістер комитеті арнайы дастархан әзірлесе, бұл үрдісті 2024 жылы аудан тумасы, кәсіпкер Бегалы Рыспаев жалғастыратын болып келісілді.

ПІКІР ЖАЗУ