Төлеби: бюджет кірістерін арттыру бағыты талқыланды

Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Бақберген Құралбаевтың төрағалығымен салық және бюджеттік өзге де түсімдер, қаржының игерілу барысын талқылау бағытында жиын өтті.

Кездесуде аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Лагит Жаппарқұлов туризм  ауданның имиджін қалыптастырып қана қоймай,  бұл сала  бюджетке қомақты қаржы түсіретінін, сондай-ақ, өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай туғызылғанын айтты. Аудан таулы аймақ болғандықтан туризм саласын экономиканың негізгі драйверіне айналдыру мүмкіндігі мол екендігін,  демалушыларға қызмет көрсететін орындар саны 140 -қа жеткенін,  әр саяжай, демалыс орындарынан түскен салық көлемін де баяндады.  

Жиын барысында аудандағы кәсіпкерлердің туристтік бағыттағы саяжайларының  нысаналы мақсатын тұрғын үй деп тіркегені салдарынан бюджеттің кірістер бөлігі болып табылатын салық сомасы аз болатынын айтып, оны ретке келтіру бағыты талқыланды. Сонымен бірге, тау баурайындағы демалыс орындары да салық декларациясы бойынша бағалау құнын төмендетіп көрсеткен.

Сала мамандары жылжымалы мүлік салығының коэффицентін арттыру үшін аудандық мәслихатқа ұсыныс беріліп, сессия барысында қаралып, бекітілгенін, 2024 жылдан бастап салықтың бұл түрі көбейетінін түсіндірді. Бұл тараптан да салықтың толық түсуін қадағалау мамандарға жүктелді.  «Жұмыс жүйесін өзгертіп, кәсіпкерлік субъектілерінде жұмысшылар санын айқындап, мүлікті бағалау жұмыстарын өз бағытында жүргізу қажет», деді аудан әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ, бюджеттің игерілуі де өз мақсатында жүзеге асырылуы тиіс. Бақберген Тәңірбергенұлы  қаржыны игеру жұмыстарын өз деңгейінде, белгіленген тәртіппен жүзеге асыруды, үнемделген қаржылар жайында мәліметтерді жинап, алдағы сессияға ұсынуды  тапсырды.

ПІКІР ЖАЗУ