Төлеби ауданында спортзал, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, футбол алаңы сынды нысандар бой көтерген

Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».

Биыл облыс бойынша бұқаралық спортты дамыту мақсатында екі мыңнан астам іс-шара өткізіліп, оған үш жүз мыңға жуық адам қатысқан. Іс-шаралардың бір жарым мыңнан астамы ауылдық жерлерде ұйымдастырылып, 200 мыңға тарта адамды қамтыған. Тиісінше, дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 823 896-ға жетіп, бұл облыстағы халықтың 40 пайызға жуығын құрап отыр.

Өз кезегінде ауыл азаматтарының спортпен жүйелі түрде шұғылдануын қамтамасыз ету үшін бүгінде 200-ден аса әдіскер мен 175 нұсқаушы қызмет етуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде жыл қорытындысын баяндаған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев айтып берді.

Басқарма басшысының айтуынша, республикалық және халықаралық іс-шараларға қатысқан өңірдегі түрлі ұжымдардың нәтижелері де жаман емес. Атап өтсек, облыс құрамасы БАҚ өкілдері, медицина қызметкерлері мен ардагерлер арасында өткен республикалық спартакиадаларда топ жарса, спорттың 15 түрін қамтыған ауыл жасөспірімдерінің III жазғы ойындарында үздік үштікті түйіндеген. Ал, ҚР VI Халық ойындары мен жергілікті атқару органдарының мемлекеттік қызметшілері арасындағы республикалық  спартакиадада төртінші орыннан табылды.

Түркістан облысында Мемлекет басшысының балаларды тегін шығармашылық үйірмелерімен қамту жөніндегі тапсырмасы да жоспарға сай орындалып келеді. Мәселен, 2021 жылдың 1 мамырынан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру (artsport.edu.kz) платформасы арқылы спорттық секцияларға 175 млн. 812 мың теңге бөлініп, 33 кәсіпкердің 17 спорт түрінен ашқан 90 үйірмесіне алты мыңнан астам бала жазылған. Ал, биыл спорттық секцияларға облыстық бюджеттен 700 млн. теңге бөлініп, 24 мыңға жуық бала 20 спорт түрінен ашылған 270 секцияға тегін қатысуға мүмкіндік алған. Оған қоса, жуырда балаларды тегін спорттық үйірмелерімен қамту бағытында қосымша 940 млн. 375 мың теңге бөлініп, қазіргі таңда жобаға қатысушы кәсіпкерлердің құжаттары сараланып, төлемақысы аударылып жатыр екен. Сонымен бірге, бүгінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 27 жоба қолға алынып, спорттың 25 түрі бойынша 169 жаттықтырушы 7564 баламен күнделікті жұмыс жүргізіп келеді.

– Түркістан облысында 97 508 мүмкіндігі шектеулі азамат есепте тұрса, оның 45 мыңында спорт және дене шынықтырумен айналысуға қарсы көрсетілім жоқ. Бүгінде солардың төрт мыңнан астамы дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Облыс әкімдігінің қаулысымен спорттың басым түрлері бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін «Сауран» спорт клубы құрылған. Қазір сол спорт клубындағы 39 жаттықтырушы 196 мүмкіндігі шектеулі азаматтармен күнделікті жұмыс жүргізуде. Нәтижесінде, ел тарихында тұңғыш рет параканоэ спортынан облыс спортшысы Бибарыс Сыпатай Токиода өткен паралимпиада ойындарына қатысып, 9 орынды иемденсе, биылғы наурыз айында Тайланд елінің Паттая қаласында өткен Азия чемпионатында бірінші орынды жеңіп алды. Дәл осы спорт түрі бойынша Тайкенов Жалғас есімді спортшымыз Қазақстан Республикасының чемпионатында алтынға қол жеткізсе, Рахманберді Сәулет күміс жүлдені қанжығаға байлады. Сонымен қатар, 2023 жылы Қытай елінде өтетін жазғы Паразия Ойындарына қатысуға үміткер 2 спортшымыз бүгінде қызу дайындыққа кірісіп кетті, – деді Қанат Жарылқапұлы.

Қазіргі уақытта өңірде 4643 спорт ғимараты тіркелген болса, Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, бірқатар нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Атап өтсек, бүгінде Түркістан қаласында орналасқан Ә.Нұрмаханов атындағы облыстық спорт мектебінің спорт кешенін қайта құру және 320 көрерменге арналған қосымша ғимараттың, мұз сарайы мен ескек есу каналы бағытындағы спорт кешендерінің құрылыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, биыл облыс аумағында «Ауыл – ел бесігі» республикалық арнайы жобасы аясында Сауран, Мақтаарал, Төлеби, Бәйдібек және Жетісай аудандарында спортзал, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, футбол алаңы сынды нысандар бой көтерген.

– Спорт саласындағы бірыңғай саясатты жүзеге асыру мақсатында облыста жалпы 100 мемлекеттік меншіктегі спорт мекемелері мен кәсіпорындар тіркеліп, 2022 жылға бекітілген жоспарға сай жұмыс істеп келеді. Аталған мекемелерде спорттың 59 түрі бойынша 2181 жаттықтырушы 60 173 баламен жұмыс істеп жатыр. 2022 жылдың 11 айында облыс спортшылары спорттың 59 түрі бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттарына қатысып, 350 алтын, 228 күміс, 270 қола медаль жеңіп алды. Жыл басынан бері өткен Азия чемпионаттары мен кубоктарында 111 алтын, 46 күміс және 32 қола медальге қол жеткізсе, әлем чемпионаттары мен кубоктарында 51 алтын, 36 күміс және 20 қола медальге ие болды. 2022 жылдың 11 айында 38 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 174 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 445 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды. Биыл өңірде 4 ірі халықаралық спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Олар: бокстан жастар арасындағы Сидней Олимпиадасының чемпионы Б.Саттархановты, еркін күрестен Кеңес Одағының батыры, генерал-майор С.Рахымов пен қазақ күресінен Қажымұқан Мұнайтпасовты еске алуға арналған халықаралық турнирлер және «Тұран Барысы» Азия кубогы. Жалпы, аталған іс-шаралар мен жүргізіліп жатқан жұмыстардың барлығы елімізді әлемге танытып, мемлекеттің дамуына, халықтың денсаулығын нығайтуға оң әсерін тигізеді деп ойлаймын, – деді баспасөз жиынын түйіндеген басқарма басшысы.

 

ПІКІР ЖАЗУ