Төлеби ауданы бойынша шекара басқармасында «Ашық есік күні» болып өтті

Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы №1 мектеп-гимназияның 10 сынып оқушылары күзгі каникулды тиімді өткізді. Оқушылар үшін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Төлеби ауданы бойынша шекара басқармасында «Ашық есік күні» болып өтті.

Мақсат – жоғары сынып оқушыларын шекарашылардың тыныс-тіршілігімен таныстыру, мемлекеттік шекараны күзетудің маңыздылығын түсіндіру болып табылды.

Іс-шара барысында оқушыларға шекарашылардың арнайы киім үлгілері, олар қолданатын қару, автокөлік түрлері, байланыс құралдары мен медициналық заттары көрсетілді. Сондай-ақ, жасөсіпірімдер үшін шекара басқармасының аумағында экскурсия ұйымдастырылды. Шекарашылар оқушыларға ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара академиясына оқуға қалай қабылдануға болатынын түсіндіріп, үгіт-насихат жұмысын жүргізді.

Шара соңында аталмыш мектеп-гимназияның алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі, запастағы подполковник Сапар Түймебеков шекарашыларға алғысын айтты. Жасөспірімдер де шекарашы сарбаздарға өз ризашылықтарын білдіріп, олармен бірге естелікке суретке түсті.

Қазақстан Республикасының әлемдегі өзге елдермен терезесі тең, мәртебесі еш елден кем емес екендігін сезінгенде, бойыңды ерекше қуаныш билейді. Түсіне білген жанға көршімен тату тұру – шекара межесінің айқындалуымен тығыз байланысты.

ҚР ҰҚК Шекара қызметіндегі өзгерістің негізгі мақсаты: бүгінгі күні әлемде орын алып жатқан түрлі жағдайларды ескере отырып, құрылымға заман талабына сай өзгерістер енгізу. Нәтижесінде еліміздің шекараға жақын орналасқан облыстарында жекелеген департаменттер құрылды. Шекара заставалары мен комендатуралар – бөлімшелер мен бөлімдер болып өзгертілді.

 

 

ПІКІР ЖАЗУ