Төлеби: әкімдік мәжілісінде үш мәселе қаралды

Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың төрағалығымен әкімдік мәжілісі өтті. Мәжілістің күн тәртібінде үш мәселе қаралып, ол бойынша сала басшылары баяндама жасады.

Ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуының 9 айдағы қорытындысы туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Мансұр Ашрапов баяндап, аудан бюджетінің 2023 жылдың 9 айының кіріс бөлігін таныстырды. Ауданның өзіндік кірісі нақты 2 877 млн теңгеге, яғни 527 млн теңгеге жоспардан артық орындалған. Қала, ауылдық округ әкімшіліктерінің кіріс жоспары 183,7 пайызға немесе 214 млн 954 мың теңгеге жоспардан артығымен түскен. 2023 жылдың 1 қазанға шығыстардың жоспары 8 млрд 930 млн теңге болса, кассалық игерілуі 8 млрд 929 млн теңге немесе игеру жоспары 100 пайызды құрап отыр. Өнеркәсіп саласында 9 айда 34 млрд 997 млн теңгенің өнім көлемі өндіріліп, нақты көлем индексі – 106,1 пайызды құрады. Кәсіпкерлікті қолдау картасы бағдарламасы шеңберінде 2023 жылы іске асыруға жататын жобалар негізінде тапсырмалар орындалып, 37 кәсіпкерге сервистік қызмет көрсетілген. Ауыл шаруашылық саласының өнім көлемі 9 айда 50 млрд 175 млн теңгені көрсетті.

Жиын барысында Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының Төлеби ауданы бойынша нысаналы индикаторлардың декомпозиясының орындалу барысы талқыланып, облыс дамуының негізгі көрсеткіштерімен Төлеби ауданы екінші орынды иеленді. Ал, қала, ауылдық округ әкімдіктерінің рейтингі негізінде көрсеткіштер бойынша нәтижелерімен алғашқы үштіктен Ленгір, Тасарық, Кемеқалған көрінді.

Аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Дәулет Исабекұлы жайылым жерлерді ауданның арнайы жер қорына қайтару бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады. Нәтижесінде, бүгінгі күні ауданның арнайы жер қорына 4771,2 га жер қайтарылды.

Аудан әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы жөнінде аудан әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы Бейбіт Төлешов хабарлап, барлық саладағы орындалмаған тапсырмалар жөнінде айтты.

Мәжіліс барысында көтерілген мәселелер жан-жақты талқыланып, аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы индикаторлардың орындалуы бойынша төмен нәтиже көрсеткен ауылдық округ әкімдері мен сала мамандарына шара көру туралы ұсыныс дайындауға тапсырма берді. Сондай-ақ, аудан басшысы Төлеген Телғараев жиында айтылған кемшіліктер бойынша жауапты сала басшыларына сұрақтар қойып, кемшіліктерді тез арада түзету үшін нақты жұмыстар көрсету керектігін ескертті.

ПІКІР ЖАЗУ