Тоқаев “пайдакүнемдерге майшелпек” болған “Алтын Орда” базарында тәртіп орнатуды тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8 ақпан күнгі үкіметтің кеңейтілген отырысында Алматыдағы “Алтын Орда” базары мәселесіне тоқталды. Тоқаевтың айтуынша, шамамен 3 млн адам тұратын Алматы қаласы мен маңындағы елді мекен тұрғындары көп пайдаланатын базарға “тәртіп” қажет.

– Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдеріне үкіметпен бірлесіп, базарға тәртіп орнатуды тапсырамын. Бұл жер пайдакүнемдер үшін нағыз майшелпекке айналды. Бұған Алматыдағы қаңтар оқиғасы кезінде анық көз жеткіздік. Бұл басқа өңірлерге де қатысты мәселе. Қажет болса, бұл жұмысқа құқық қорғау орган өкілдері атсалыссын. Екі ай уақыт беремін, – деді Тоқаев.

Халық арасында бұл базарды экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевпен де байланыстырады.

Өткен айдың соңында жергілікті ақпарат құралдары 2021 жылы қарашада базарды жабу туралы сот шешімі шыққанын хабарлаған. Ақпаратқа қарағанда, салық органдары “Алтын Орда базары” ЖШС-ін жою туралы сотқа шағым түсірген. Оған базар басшыларының салық міндеттемелерін орындамауы түрткі болған. Нәтижесінде шағым қанағаттандырылып, күшіне енген. Ашық дереккөздерге сүйенген Exclusive.kz сайты 2012 жылы құрылған “Алтын Орда базарының” жылдар бойы мүлде салық төлемегенін жазады. Сайттың жазуынша, базар басшысының Болат Назарбаевпен бірге ортақ бизнесі бар.

ПІКІР ЖАЗУ