Тоқаев Маминді, Атамқұлов пен Досаевты шетелдік инвесторлар кеңесінен шығарды

 Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен шетелдік инвесторлар кеңесінің жаңа құрамы бекітілді. Бұрынғы премьер-министр Асқар Мамин, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бұрынғы министрі Бейбіт Атамқұлов және Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Қазақстан президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінен шығарылған.

 Асқар Мамин 2019 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың қаңтарына дейін премьер-министр қызметін атқарған. Қаңтар оқиғасынан кейін ол басқарған үкімет отставкаға кеткен.

 Бұрын бірнеше министрлікті басқарған Бейбіт Атамқұлов та Қаңтар оқиғасынан кейін қызметінен кеткен.

 Ерболат Досаев 2022 жылы 31 қаңтарда Алматы әкімі болып тағайындалған. Ол үкіметте бірнеше министрлік басқарған Қазақстандағы 50 бай адамның бірі.

 Мамин, Атамқұлов, Досаев және кеңестен шығарылған тағы да басқа адамдардың орнына шетелдік инвесторлар кеңесіне Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов, сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев және кейбір шетел бизнесмендері кіргізілген.

ПІКІР ЖАЗУ