Тоқаев: Қазақстан дәстүрлі қуат көзін игеруде жапон инвестициясын тартуға мүдделі

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан дәстүрлі қуат көзін игеру және өңдеу жобаларына жапон тәжірибесін, инновациясы мен инвестициясын тартуға мүдделі екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.

«Таза» энергетиканың дамуын ұзақ мерзімді стратегиялық басымдық ретінде қарастырамыз. Еліміз «жасыл» технологияларды қолдана отырып, дәстүрлі қуат көзін игеру және өңдеу жобаларына жапон тәжірибесін, инновациясы мен инвестициясын тартуға мүдделі. Геосаяси тұрақсыздық пен қуат көздеріне сұраныс ұдайы артып келе жатқан жағдайда әлем экономикасының орнықты дамуын қамтамасыз ететін көмірсутегі ресурстары айрықша маңызға ие, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар ол теңгерімді әрі әділ энергетикалық жүйеге ауысу қажет деген ұстанымды қолдаймыз деп отыр.

Қазақстан көмір өндірісі бойынша әлемдегі он үздік елдің қатарына кіреді. Көмір еліміздің энергетикалық балансының шамамен 70 пайызын құрайды. Сондықтан осы табиғи байлығымызды қуатты энергия көзі ретінде пайдалану үшін ең озық технологияларды тартуға бейілміз, – деді Президент.

Сондай-ақ Президент Қазақстан Жапониямен бірлескен Next-Generation SmartMining Plus жобасының іске қосылуын құптайтынын айтты.

Орталық Азияда сирек кездесетін элементтер мен өзге де аса маңызды минералдардың мол қоры бар. Бұл әлемнің жаңа энергетикалық жүйеге көшуіне қажетті ресурс саналады. Өңіріміз таза әрі қуат үнемдейтін өндірістерді аталған ресурстармен қамтамасыз ете алады. Қазақстан Жапониямен қазба байлықтарды барлау, өндіру және өңдеу ісі бойынша ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі, – деді Мемлекет басшысы.

Президент бұл ретте терең өңдеуге және орнықты өндіріс тізбегін қалыптастыруға ден қоя отырып, толыққанды өнеркәсіп кластерін құруға басымдық берілетінін мәлімдеді.

Сондықтан Қазақстан Жапониямен бірлескен Next-Generation SmartMining Plus жобасының іске қосылуын құптайды. Бұл бастама өндіріс үдерісін цифрландырып, экологиялық орнықтылықты арттырады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.