Тоқаев еліміздің қай салада мүмкіндігі жоғары екенін атады

Қазақстанның кемінде төрт салада орасан зор мүмкіндіктері бар. Бұл туралы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
Президент тоқталғандай, Тәуелсіздігіміздің 40 жылдығы жақындап келеді. Осы маңызды белеске қандай жетістікпен жетерімізді, оған дейін қандай тарихи міндеттерді орындауға тиіс екенімізді нақты білу маңызды.
Біз шындыққа тура қарауымыз керек. Еліміз бәрінен оза шауып, барлық салада және барлық бағытта бірінші қатарда бола алмайтынын түсінуіміз қажет. Сондықтан біз өзіміздің басқалардан басым түсетін мықты тұстарымызды жақсы білуге тиіспіз. Меніңше, Қазақстанның кемінде төрт салада орасан зор мүмкіндіктері бар. Осы салаларда біз өз елімізді қамтамасыз етіп қана қоймай, аймақтық, тіпті, жаһандық ауқымда ықпалымызды жүргізе аламыз. Цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, көлік тасымалы, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және адам капиталы негіз болады, – деп есептейді Мемлекет басшысы.