Тірі кезде орган доноры болу тәртібі жеңілдейді

Еліміздің заңнамасына енгізілетін жаңа түзетулер трансплантация процесін анағұрлым қолжетімді етуге бағытталған. Мәжілісте таныстырылған денсаулық сақтау туралы заң жобасында тірі кезінде донор болатын туыстардан генетикалық талдау талап ету нормасы алынып тасталады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құжат авторларының түсіндіруінше, егер донор мен реципиент арасында тікелей туыстық байланыс болса, мәселен, ана мен бала, әпке мен іні сияқты жағдайларда генетикалық сараптама жүргізудің қажеті болмайды. Бұл қадам медициналық рәсімдерді жылдамдатып, бюрократиялық кідірістерді азайтады.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Мәжіліс кулуарында атап өткендей, қазіргі таңда Қазақстанда туыстықты анықтайтын генетикалық талдауды небәрі бірнеше зертхана ғана жүргізеді. Мұндай талдау қымбат әрі көп уақыт алады. Сондықтан бұл талапты алып тастау трансплантация оталарының құнын төмендетуге мүмкіндік береді.
Қолданыстағы заңға сәйкес, тірі кезінде орган доноры бола алатын адам реципиенттің туысы немесе иммунологиялық тұрғыда үйлесімді тұлға болуы шарт. Сонымен қатар трансплантация жасалар алдында этикалық комитет пен Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы арнайы комиссия донор мен реципиент арасында материалдық мүдде бар-жоғын анықтап, операцияны мақұлдайды.
Мұндай бақылау жүйесі адам ағзаларын заңсыз сату қаупін болдырмау үшін енгізілген.