Теміржол салған тұңғыш қазақ

Жуырда Арыс қаласына қарайтын Қызылкөпір ауылындағы №3 жалпы орта білім беретін мектебіне Мұхамеджан Тынышбайұлының есімі берілді. Осы жаңалықтың басы-қасында жүрген азамат ретінде, соңғы 3-4 жылда мазамды алып жүрген тақырып ретінде Мұхамеджан Тынышбаевтың өткен өнегелі өміріне үңіле түстім.

Алаштың ірі қоғам және мемлекет қайраткері, тарихшы, ағартушы, тұңғыш темір жол инженері Мұхамеджан Тынышбаев 1879 жылы 12 мамырда Жетісу облысы, Лепсі уезі, Мақаншы-Садыр болысында (қазіргі Алматы облысы, Қабанбай ауданы) дүниеге келген. Ауыл молдасынан хат таныған соң, 1890 жылы Верный ерлер гимназиясының даярлық сыныбына қабылданады.

Мұхамеджан Тынышбаев – тағдыр-талайы білім мен ағартуға, ұлттық теңдік пен өркениетке ұмтылған қазақ халқының көрнекті ұлдарының бірі. Даярлық сыныпты қоса есептегенде, 10 жыл аталған гимназияда оқыған М.Тынышбаев оны алтын медальмен бітіріп, Петербор теміржол транспорты институтына қабылданады. Оны 1906 жылы тәмамдап шығады. Ел тарихының бұрын зерттелмеген қиын кезеңдерінен дереккөздері бай, ғылыми тұрғыдан негізделген іргелі еңбектер жазады. Оның тарихты терең түсіне білгендігі, зерттеушілігі қазақ халқының кейінгі тағдырына әсер еткен ірі оқиғаларды түпқазық етіп алып, жүйелі қарастыруынан байқалады. Тынышбаевтың «Қырғыз-қазақ руларының шежіресі», «Қырғыз-қазақтың шығу тегі», «Қазақ этнонимі туралы», «Алтын Орданың күйреуі», «Қазақ хандығының құрылу тарихы», «Ақтабан шұбырынды» сияқты көптеген еңбектерімен тереңірек танысу арқылы оның нағыз ұлт зиялысы екендігіне көз жеткізе түскендей болдым.

Өткен жылы ойыма жерлесім, рухани дос-ағам әрі әріптесім, марқұм Жарылқасын Боранбаевпен болған әңгіме түсті: «Қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері Мұхамеджан Тынышбаевтың ата-бабаларының оңтүстік өңірдегі өмір сүрген кезеңі 1680 жылдардан басталады. Оны біреу білсе, біреу білмейді» дегенде мен елең ете қалған едім. 

М.Тынышбаев 1923 жылы бұрынғы Шошқабұлақ, қазіргі Ақбастау ауылының маңындағы Бөген өзенінің бойында тұратын, Ошақтыдан шыққан Бәзек ақсақалмен кездескен екен. Тарихи аңыздың шындыққа жанасатынын осыдан да аңғаруға болады. 1921,1922,1923 жылдары Мұхамеджан Тынышбаев Оңтүстік өңірді қайта-қайта аралайды, Қаратаудың бөктеріндегі Үлкен Тұрада да болған. Осындай сапарларының бірінде Шаяндағы мешіт-медреседе қожа Мәді-Мағзұммен кездеседі. Мәді-Мағзұм Мұхамеджанға Төлегетай бабасының ХVI ғасырда Сырдарияның бойындағы Өзгент қаласының маңында өмір сүргендігі жайлы дерек берген. Осы ізденістерінің негізінде 1925 жылы Ташкент қаласында Мұхамеджан Тынышбаевтың «Қазақ халқы тарихынан мәліметтер» атты кітабы жарық көреді. Қазақтың қайдан шыққанын, ұлтымыздың 1917 жылға дейін қанша болғанын жазып қалдырған терең зерттеуі жұртшылықты тәнті етеді.

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» басталған 1723 жылы көктемде жоңғарлар 7 түмен әскерімен қазақ жеріне басып кіреді… Әр жерде орналасқан, қыстан жүдеп шыққан қазақ қыстаулары қапыда қырғынға тап болады… Оңтүстіктіктегі Арыс, Боралдай өзендерінің бойын жайлаған садыр руының батыры Жомарт жоңғарларды әулетімен өз қонысында қарсы алады. Шапқыншылардан қорғанып, батыр ауылы Қаратау бөктеріндегі Теректі бұлағын өрлеп, Үлкен Тұраға бекінеді. Өкініштісі, осы жерде Жомарт батырдың ауылы қоршауда қалып, қырғынға ұшырайды. Бір ғажабы, жаңа туған Тасболат есімді нәресте ғана аман қалады. Ол Жомарт батырдың перзенті еді. Тасболат Жомарт – Мұхамеджан Тынышбаевтың бесінші атасы болып келеді.

…1914 жылы Мұхамеджан Тынышбаев Жетісу теміржол құрылысына қайта ауысады. Бұл жылы ол Арыс–Әулиеата учаскесінің басшысы және бас инженері болып қызмет атқарады. Уақытпен санаспай, күні-түні еңбек етудің арқасында Арыс–Түлкібас–Тараз қалалары аралығындағы үлкен теміржолды салдырады. Халық Мұхамеджан Тынышбаевты оңтүстік өңіріне тұңғыш теміржол салған қазақ инженері ретінде мойындады. 1915 жылы Түлкібас стансасының маңында инженер Мұхамеджан Тынышбаевқа Ташкент мұғалімдер институтына оқуға барғысы келгенімен, қаржыдан қысылып жүрген бала Тұрар Рысқұлов ұшырасады. Оқуға талпынған баланы көргенде өзінің бір кезде осылай қиналғаны есіне түсіп, Тұрарға әжептеуір қаражат ұсынады және мұндай  ақшаны кейін де мекенжайына салып тұратынын айтады. Екі азаматтың осы риясыз көңілі адал бауырластыққа ұласады. 1920 жылы 21 қаңтарда Тұрар Рысқұловтың Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланған кезінде М.Тынышбаев Түлкібаста Тұрар Рысқұловпен қалай танысқандығы есіне түсіп, қуанышында шек болмайды. Қиналған кезінде қолтығынан демеген інісінің көрнекті тұлға болып қалыптасқанына, абыройлы азамат атанғанына қуанады. …1922 жылы Мұхамеджан Тынышбаев Түркістан өлкелік халық комиссариаты жер бөлімінің жолдамасымен Шымкент су шаруашылығының басшысы болып тағайындалады. Әйелі Гүлбахраммен Шымкенттегі Садовая көшесіндегі №13 үйде пәтер жалдап тұрады. 1923 жылы көрші елдерден келген тырысқақ ауруы 20 мыңға жуық халық тұратын Шымкент шаһарына да жетеді.

…Петербургте медициналық білім алған Верный қаласының атақты фельдшері Баки Чалымбековтың қызы Гүлбахрам ата кәсібін жалғастырып, ескі барактарда науқастарға ем-дом жасауға кіріседі. Алайда, жұқпалы індет жұқтырған үш баланың анасы Гүлбахрам Чалымбекова 1923 жылы тырысқақ (холера) ауруынан қайтыс болады. Артында Ескендір, Фатанад-Бану және Динар-Зада атты балалары қалады. 1927 жылдан Түркістан – Сібір теміржолы құрылысында еңбек еткен Мұхамеджан Тынышбаевтың кәсіби шеберлігі Түрксіб теміржолы құрылысын салу барысында айрықша танылды. «Шойынжолдар шеберінің» ерен еңбектері елге жетіп жатты. Аты аңызға айналды. Алайда, осындай еңбектеріне қарамастан, Мұхамеджан Тынышбаевты сол кездегі билік қуғын-сүргінге ұшыратты. Түрксібті салып жатқан кезінде, 1930 жылы 3 тамызда тұтқынға алады. Оған «халық жауы», «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айыптар тағылып, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болады.

«Айғақ» газетінде қаламгер-өлкетанушы Жарылқасын Боранбаев жариялаған деректе: «1931 жылы ОГПУ тергеушісіне берген жауабында М.Тынышбаев былай дейді: «Мен 1914 жылы Жетісу теміржол тармағындағы құрылыста жүріп, Түлкібас маңында болдым. Жазда Алматы округінен келіп қоныстанған Рысқұловтың туысқандары тұратын ауылға орнықтым. Бұл жер өте көрікті болатын. Онда 14-інші және 15-інші жылдары тұрақтадым. 1915 жылы маған бір қазақ Түлкібас поселкесінде Рысқұлдың баласын көргенін және оның қаражатсыз оқуға бара жатқанын айтты. Мен одан сол баланы маған алып келуін өтіндім. Сонда ғана мен Тұрар Рысқұловты алғаш кездестірдім. Ол қаражаттан тапшылық көргендіктен (дәл есімде жоқ 150 сом ба, әлде 100 сом ба), қаражат жиып бердім. Оның маңдайынан сүйіп: «Хат жазсаң болды, жылына 30 сом салып тұру мен үшін қиын емес деп айттым» дейді. Бұған елге еңбегі сіңген түлкібастық мұғалім, марқұм Елемес Күзембаевтың «Тұрар» атты деректі романы да айғақ бола алады.

2018 жылғы 26 қыркүйекте Түлкібас ауданының сол кездегі әкімі Нұрбол Тұрашбеков ауданның 90 жылдық мерейтойы аясында Түлкібас теміржол стансасында М.Тынышбаев пен Т.Рысқұловтың ескерткішін салтанатты түрде ашты.

Иә, қамшының сабындай ғана қысқа өмiр сүрсе де қазақ халқы үшiн орасан еңбек сiңiрген, тіпті жанын пида еткен Мұхамеджан Тынышбаев қазақ халқының есiнде мәңгi қалады. Ол Кеңес өкiметiне: «Мен халқымды ерекше сүйемiн, ал, сендер менi ұлтшыл дейсiңдер…» деп хат жазған екен. Бұл – қазақтың тұңғыш темiржол инженерi, тарихшы-ғалым, қоғам қайраткерi, II Мемлекеттiк Думаның депутаты, Қоқан автономиясының басшысы Мұхамеджан Тынышбаевтың соңғы хаты болатын…

2021 жылдың 10 қарашасында тарихы теміржолмен тамырласып жатқан Арыс қаласының 65 жылдығына арналған іс-шара өтті. Шара барысында қайта жөндеуден өткен теміржолшылар саябағын араладық. Ол жерде бір топ теміржолшылардың тізімі жазылыпты. Тізімді Социалистік Еңбек Ері Әуезхан Салықбай бастап тұр екен. Жиын соңында Арыс қаласының әкімі бәріміздің басымызды қосты. Төрде жазушы Дулат Исабеков, аудан қариялары, сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев отырды. Жиында облыстық мәслихаттың депутаты ретінде маған да сөз берілді. Сонда мен М.Тынышбаевтың қазақтан шыққан тұңғыш теміржолшы екендігін айта келе өзі салған Арыс теміржол стансасында ескерткіш-бюсті болуы керек. Мысалы, Түлкібас ауданында Тұрар Рысқұлов екеуіне арнап ескерткіш қойылған. Тұңғыш теміржолшы Мұхамеджан Тынышбаев кезінде Арыс пен Түлкібас арасындағы шойын жолдың салынуына тікелей мұрындық болған әрі сол жұмыстарға басшылық жасаған. Сондықтан  Арыстағы еңбегі сіңген теміржолшылар тізімінің басында Тынышбаевтың есімі бірінші тұруы керек! Аудан мен облыс энциклопедиясына да өмірдерегін енгізіп, тарихта қалған еңбектерін елеусіз қалдырмауымыз қажет деп ұсыныс жасадым.

Осылайша шұғылалы Оңтүстікте Мұхамеджан Тынышбаев қалдырған өшпес іздер мен халық игілігіне мәңгілік жарап жатқан күрделі шойынжолдар сайрап жатыр… Халықтың бақытты өмірі үшін бар ғұмырын арнаған адал ұлын елі ешқашан да ұмытпайды!

Р.S: М.Тынышбаев – кезінде патша өкіметінің қудалауына ұшыраған, кеңес заманында да репрессияның зардабын әбден тартқан бірегей тұлға. Алайда, ел егемендігін алған тәуелсіздік жылдары тарихтың бұрмаланып, нақты дәйексіз жазылған кейбір еңбектердің жариялануы осы мақаланы жазуыма себеп болды.

Дулат ӘБІШ, облыстық мәслихаттың депутаты.

 

ПІКІР ЖАЗУ