Телефонға тәуелділік: Жапонияда басы салбырап қалған жігітке күрделі ота жасалды

 Жапонияда смартфонды шамадан тыс қолданған 25 жастағы жігітке сирек кездесетін «салбыраған бас синдромы» диагнозы қойылды. Бұл дерт көбіне жүйке-бұлшықет ауруларымен байланысты болғанымен, кей жағдайда ұзақ уақыт бойы бастың алға қарай еңкейіп тұруынан да туындауы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ Аlmaty.tv-ға сілтеме жасап.

Daily Mail басылымының жазуынша, науқас күнделікті өмірінің басым бөлігін телефон экранына үңілумен өткізген. Соның салдарынан оның мойын омыртқасы деформацияға ұшырап, омыртқааралық тіндер зақымданған. Уақыт өте келе жігіттің мойын бұлшықеттері әлсіреп, басын көтеруге қауқарсыз болып қалған. Сонымен қатар тамақ жұтуда қиындықтар туындап, дене салмағын күрт жоғалта бастаған.

Дәрігерлер бастапқыда арнайы мойын тіреуіштерін қолданғанымен, нәтиже болмаған соң бірнеше кезеңнен тұратын күрделі ота жасады. Қисайып қалған ұшыраған омыртқа бөліктері мен зақымданған тіндер алынып, орнына темір таяныштар орнатылды. Алты айдан соң науқас басын қайта көтере алатын болған, сөйтіп омыртқасы жа қалпына келе бастаған. Бір жылдан кейін жағдайы тұрақты деп танылды.

Бұл оқиғаны смартфонды ұзақ уақыт қолданудың адам ағзасына, әсіресе омыртқаға тигізер зияны туралы нақты ескерту деп қабылдауға болады. Дәрігерлер жастарға дене қалпын дұрыс ұстауға, телефонды ұзақ қолданудан аулақ болуға, үнемі қозғалыста болуға кеңес береді.

ПІКІР ЖАЗУ