Тегін дәрі-дәрмекті қалай алуға болады?

Созылмалы және әлеуметтік маңызды ауруларға шалдыққан азаматтар кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) аясында тегін дәрі-дәрмек алуға құқылы. Дегенмен елімізде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін көбі білмейді. Бұл туралы толығырақ Қордың басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Тәжібаева айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстанда ТМККК және МӘМС жүйесі тек медициналық қызметтерді ғана емес, амбулаторлық және стационарлық ем кезінде тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмектерді де қамтиды. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, арнайы бұйрықпен бекітілген тізім бойынша белгілі ауруларға шалдыққан азаматтар емханалардан дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды тегін ала алады. Қазіргі таңда ауру түрлерінің саны 84-ке дейін артса, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар 372 позицияны құрайды, – дейді Сәуле Тәжібаева.
Сәуле Мұсанқызының айтуынша, негізгі қаражат ТМККК пакетіне тиесілі, себебі онкологиялық және сирек кездесетін ауруларға арналған дәрілердің құны өте жоғары, бір препараттың бағасы жүздеген мыңнан миллион теңгеге дейін жетеді.
2025 жылдың алғашқы 7 айының қорытындысы бойынша:
ТМККК аясында – 1,4 млн пациентке 131,7 млрд теңгеге дәрі-дәрмек берілді;
МӘМС аясында – 1,26 млн адамға 18,5 млрд теңгеге препарат жеткізілді.
Салыстырып айтатын болсақ, 2024 жылы бұл мақсатқа 246,2 млрд теңге жұмсалған. Амбулаторлық дәрі-дәрмектер тек диспансерлік есепке алынған науқастарға қолжетімді. Ол үшін диагноз расталып, дәрігер рецепт жазуы қажет. Препаратты емхананың дәріханасынан тек есепте тұрған пациент жеке куәлігін көрсетіп ала алады. Егер дәрі уақытылы берілмесе, азаматтар «СК-Фармация» байланыс орталығына 1439 нөмірі арқылы хабарласа алады, – дейді ол.