Тау туризмі тоқыраудың алдында: Қазақстан көршілерінен неге артта қалып жатыр?

Шымбұлақтың қысқы маусымда лық толуы – бір қарағанда жетістік сияқты. Алайда инфрақұрылым мен қызмет сапасы бұл ағымды көтере алмай отыр. Сарапшылар тау туризмінің жүйелі дағдарысқа тап болғанын айтып, көрші елдердің тәжірибесімен салыстыра отырып, нақты мәселелерді атады, деп хабалайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстандағы тау туризмінің басты бет-бейнесі – Шымбұлақ. Бірақ бұл курорт қазір сұранысқа сай қызмет көрсете алмай отыр. Қыста адам саны шектен асып, көлік кептелісі, көп сағаттық кезек, тұрақ тапшылығы мен бағалардың күрт қымбаттауы халықтың көңілінен шықпайды.

Ұлттық туризм индустриясы қауымдастығының президенті Раушан Шамиль бұл мәселенің түпкі себебін былай түсіндіреді:

Шымбұлақ қыс мезгілінде адамға лық толады. Соның әсерінен жергілікті қазақстандықтар үшін қызмет құны қымбат. Қазақстандықтар тау шаңғысына барғанды жақсы көреді. Бірақ олар үшін бұл – қолжетімсіз болып бара жатыр. Бізде қарапайым халықтың ойы ескерілмей отыр. Тек қалтасы көтеретіндер барып жүр, – дейді ол.

Сарапшы Шымбұлақпен шектеліп қалмай, Тұрген, Қаскелең, Oi-Qaragai сияқты дайын аумақтарды дамыту қажеттігін алға тартады. Бірақ елде бұл бағытта нақты қадамдар өте баяу.

Inside Travel зерттеу компаниясының директоры Еркін Тикенов те бұл пікірді қолдайды:

Жаңа жыл кезіндегі бірнеше аптада Шымбұлақтың толып кетуі – бүкіл тау туризмінің проблемасы емес. Тау туризмі дегеніміз – шаңғы тебуден әлдеқайда кең ұғым. Бізде жорықтар, трейлдар, хижиналар сияқты белсенді демалыс түрлері қыс маусымында да дамымаған. Нағыз драйвер – осы инклюзивті туризм, – дейді Тикенов.

Сонымен қатар Туризм менеджері Мадияр Жұмаділов те тау туризмі тек бір нысанмен шектелмеуі керегін айтады:

Қазақстанда табиғи кеңістік мол. Бірақ оны игеру үшін қаржы ғана емес, заманауи басқару, экологияны сақтау және цифрлық технологияларды пайдалану қажет. Еуропа елдерінде мұндай аймақтарға жеке инвестиция тарту – қалыпты тәжірибе. Бірақ ол экологиялық шектеулермен, қатаң бақылаумен жүреді, – деді ол.

Инфрақұрылым мен сервис жағдайы қалай?

Қазақстанда тау туризмімен қатар, бүкіл туристік инфрақұрылым да сын көтермейді. Еліміздің аумағы үлкен, бірақ жол, байланыс, санитарлық-гигиеналық қызметтердің сапасы нашар. Бұл шетелдік қонақ түгілі, ішкі туристің де жолын бөгейді.

Туризм менеджері, саяхатшы Батыржан Сабырханұлы ел ішінде жиі жол жүретін маман ретінде бұл мәселені нақтылай түседі:

Туристік жолдардың жағдайы мәз емес. Бұл – ең маңызды фактордың бірі. Астана мен Алматының арасындағы жол немесе Астана мен Ақтауға ұшудың құны – шетелдік үшін де, жергілікті үшін де тиімсіз. Жол бойындағы әжетхана, тамақтану орны, сервистік қызмет – барлығы дамымай отыр, – дейді Сабырханұлы.

Мадияр Жұмаділов инфрақұрылымсыз туризмнің дамуы мүмкін емес дейді:

Жол, интернет, су, санитарлық жүйе – бұларсыз ешқандай шетелдік келмейді. Қазақстанда ілгерілеу бар, бірақ көп өңірде жағдай әлі төмен. Әсіресе ұлттық парктер мен қорықтарда қызмет көрсету мәдениеті әлсіз, – дейді.

Раушан Шамиль бұл жүйесіздікті былай сипаттайды:

Алматыда кептеліс деңгейі өте жоғары. Қыста адам екі есе көп. Сол кезде қызмет көрсететін аумақта “адамдар бәрібір келеді” деген көзқарас бар. Яғни сапа ескерілмей, тек пайда көзделген. Шымбұлақта бағаны реттеп, сапаны көтеру қажет. Қазір халық емес, шетелдік турист басты нысан болып тұр, – деді ол.

Көршілер не істеп жатыр – біз неге үлгере алмай жатырмыз?

Кейінгі жылдары Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Грузия тау туризмін жаңа деңгейге шығарды. Олар инфрақұрылым құрып қана қоймай, туристер үшін арнайы бағдарламалар мен сервистік тізбектер қалыптастыра алды.

Раушан Шамильдің мұны былай түсіндіреді:

Көрші елдерге – әсіресе Грузия мен Өзбекстанға – туризм саласына қомақты қаржы бөлініп жатыр. Бізде туризмге стратегиялық сала ретінде емес, қосымша кіріс көзі ретінде ғана қарайды. Салада ауырбіршілік жоқ – бәрі өз алдына. Туризм тек саяхат емес. Ол – жол, қонақүй, сервис, сувенирлік өнім, ұлттық нақыш, мәдени бағдарлама, – дейді ол.

Еркін Тикенов көршілердің жетістігін монополиядан бас тартумен түсіндіреді:

Қырғызстанда қауымдастыққа негізделген туризм дамыған. Бізде 2-3 монополист болса, сапа емес, баға өседі. Біз пандемия кезінде мұны анық көрдік – турист көп болды, баға шарықтады, бірақ сапа төмендеді. Бұл тұтынушыға емес, пайдаға жұмыс істеудің салдары, – дейді Тикенов.

Мадияр Жұмаділов өзбек туризмінің жетістігін мойындай отырып, Қазақстанның басты артықшылығы – кең табиғи кеңістік екенін атап өтеді:

Өзбекстан тарихи туризмді дамытуда жақсы қадам жасады. Бізде табиғат бай, әртүрлі климаттық аймақ бар. Бірақ соны тиімді пайдалану жағы әлсіз. Көп нәрсе заңнама мен стандарттың жоқтығынан немесе орындалмайтын қағаз күйінде қалуынан, – деді ол.

Орталық Азияда туризм деңгейі қандай?

Орталық Азия елдері туризм саласында тұрақты өсімге қол жеткізіп келеді. Аймақ мемлекеттері шетелдік туристер үшін тартымды бағытқа айналып, пандемиядан кейінгі қалпына келу кезеңін сәтті өткеруде.

Сарапшылардың дерегіне сүйенсек, 2024 жылы Қырғызстан шетелдік келушілердің жалпы саны бойынша екінші орынға шықты – елге 8,6 миллион турист барған. Бұл көрсеткіш – аймақ үшін рекордтық деңгей.

Өзбекстан да туристер саны бойынша жоғары нәтижеге қол жеткізді. Бір жыл ішінде республикаға 8 миллионға жуық шетелдік қонақ келген. Бұл елдің тарихи-мәдени мұрасы мен инфрақұрылымдық жобаларының дамуының жемісі саналады.

Ал Тәжікстанға бір жылда 1,6 миллионға жуық турист келгені мәлім болды. Бұл елдің таулы ландшафттары мен экотуризмге бағытталған жобалары халықаралық қызығушылық тудырып отыр.

Түйін қандай?

Қазақстандағы тау туризмі сұранысқа ие, бірақ ұсыныс жағы ақсап тұр. Шымбұлақтың толып кетуі – мәселенің басы ғана. Негізгі проблема – жүйесіздік, инфрақұрылымның әлсіздігі, монополия, бәсекелестіктің жоқтығы. Жекеменшік пен шетелдік инвестицияны тарту маңызды, бірақ экология мен жергілікті халықтың мүддесі ескерілмесе, ол кері әсерге алып келуі мүмкін.

Көрші елдер әртүрлі бағытта дамып жатыр: Өзбекстан – мәдени мұра, Қырғызстан – қауымдастық туризмі, Грузия – тау кластері, Әзербайжан – ірі инвесторлармен жұмыс. Қазақстан осы озық тәжірибелерді ескере отырып, өз моделін қалыптастыруы тиіс. Ол үшін:

  • Мемлекет инфрақұрылым мен заңнаманы жолға қоюы қажет;
  • Жергілікті инвесторларды тарту және қолдау маңызды;
  • Табиғатты сақтау мен сапалы қызмет көрсету арасында тепе-теңдік табу керек.

Сонда ғана Қазақстан тек Шымбұлақпен емес, жүйелі тау туризмімен танылатын елге айналады.