Тау баурайындағы құрылыс нысандарына бақылау күшейеді – Досаев

Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Медеу ауданының тұрғындарымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Ерболат Досаев Медеу ауданының тұрғындарымен кездесуі барысында лай көшкіні салдарынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты және оларды жерлеуді ұйымдастыруға көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Сондай-ақ қала басшысы тұрғындардың сұрақтарына жауап бере отырып тау баурайындағы құрылыс нысандарын тексеру бойынша жүйелі жұмыс істеліп жатқанын айтты.

2022 жылдың маусым айында қалалық мәслихат 15 градустан асатын таулы беткейлерде құрылысқа тыйым салуды қолдады. Осы норма қабылданған сәттен бастап таулы жерлерде заңсыз құрылыстың 54 фактісі анықталып, 45-і сотқа жіберілді. Оның 31-і қаланың пайдасына шешілді, 4-еуі әлі қарастырылып жатыр. Қалған 9-ы бойынша заңсыз тұстары жойылды немесе құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтатылды және сотқа талап-арыздар дайындалып жатыр, – деп атап өтті Ерболат Досаев.

ПІКІР ЖАЗУ