Ташкентте Түркістандық делегация туризм бағытында 30-дан астам меморандумға қол қойды

Түркістан облысы туризм саласының өкілдері Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласында өтіп жатқан халықаралық туристік жәрмеңкесіне қатысуда. «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы жәрмеңке аясында көршілес елдермен туризм бағытында ынтымақтастықты арттыру бойынша келіссөздер жасады. Әкімдіктер, жауапты басшылар және туристік компания өкілдерімен кездесіп, іскерлік әрі әріптестік байланыс аясын кеңейту мәселелері талқыланды.

Атап айтқанда, Қырғызстанның «Чудесный мир», Түрікменстанның «Brothers travels», Өзбекстанның «Only premium travel», «Elite tours magazine»,  «Ziyarah travel»,  «Hello somun» туристік агенттіктері, Әндіжан, Навои облыстарының әкімдіктері, Ферғана, Сырдария, Хорезм және Самарқан облысы туризм басқармаларымен меморандумға қол қойылды. Одан бөлек, түркістандық «Turan tour» туристік агенттігі Тәжікстан және Өзбекстанның туристік компанияларымен 16 меморандум жасады. Яғни жәрмеңкеге қатыса отыра, Түркістаннан барған делегация жалпы 32 келіссөзге қол жеткізді.

Бұл шаралардың нәтижесінде — бауырлас елдер арасындағы байланысты нығайтып, туристер санын көбейту көзделген. Сондай-ақ, мақсат – туристік маршруттарды құрып, тәжірибемен бөлісу. Енді меморандумдар негізінде ақпараттық турлар ұйымдастырылып, өңірдің ерекшеліктері таныстырылады.

ПІКІР ЖАЗУ