Тәртіп сақшылары жүргізушілерге жолдағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді

Түркістан облысында патрульдік полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында тәулік бойы рейдтік іс-шаралар жүргізіп, бекітілген аумақтарды үздіксіз патрульдеуде.
Атап айтқанда, тәртіп сақшылары Алматы–Ташкент–Термез бағытындағы республикалық маңызы бар автожолда жүргізушілермен профилактикалық әңгіме өткізді. Кездесу барысында жүргізушілерге жылдамдықты асырмау, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау, сондай-ақ жолаушылардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін үлкен жауапкершілік арқалайтындары ескертілді.
Сонымен қатар мас күйінде немесе шаршаған жағдайда көлік жүргізудің аса қауіпті екені айтылып, қарапайым, бірақ өмірлік маңызы зор ережелер: қарсы бағытқа шықпау, қауіпсіздік белдігін тағу, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон қолданбау сынды талаптардың маңыздылығы ерекше назарға алынды.
Жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бұл шара барысында жүргізушілер тәртіп сақшыларына алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта жолда барынша мұқият болатындарын жеткізді. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілер арасында тәртіпті арттыру мақсатындағы мұндай түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.