Тарихқа құрмет – тазалықтан басталады

«AMANAT» партиясының бастамасымен жүйелі түрде жалғасып жатқан «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы қоғамды шын мәніндегі ізгілікті істерге жұмылдыратын берекелі бастамаға айналды. Партия айқындаған құндылықтар аясына біріккен азаматтар, бастауыш ұйымдардың белсенділері, депутаттар, партия қызметкерлері, жастар қоршаған ортаны аялауға арналған нақты істерімен жұртшылыққа үлгі көрсетіп, қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыруға өзіндік үлестерін қосуда.

Туған елге деген сүйіспеншіліктен туған бұл бастама, тұрғындар арасында тарихи-сәулеттік ескерткіштердің жай-күйіне де жашашырлықпен қарау көзқарасын қалыптастырып келеді. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы шеңберіндегі аманаттық өкілдердің «Таза бейсенбі» бастамасы, бүгін Түркістан облысында «Гауһар ана» тарихи-архитектуралық кешені аумағында өтті.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Түркістан қалалық мәслихатының және қалалық партия филиалының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев бастап келген партияластарымыз, киелі орынның айналасын бей-берекет шашылған қоқыстан тазартып, қураған шөптер мен ағаш бұталарын жинады. Көне Түркістанға зиярат етіп келушілер бұл қасиетті орынға аялдап, бейіт басына келіп Құран бағыштайды, дұға-тілектерін айтып, Құдайдан медет тілейді.

Гауһар анамыз – Қожа Ахмет Яссауидің қызы болғаны туралы тарихта айтылады. Ғасырлардан қалған шежірелерде Гауһар ана емшілік қасиетімен танылып, дертіне шипа іздеп келушілердің бәріне шапағатшы болғаны жайында деректер қалған. Қасиетті орындағы бірнеше бұлақ көзінен бүгінгі күнге дейін мөлдір, салқын су ағып тұр. Яссауидің ұстазы болған Арыстан бап кесенесіне барып, дұға тілейтін жұртшылық, Түркістан іргесіндегі Гауһар ана бейітіне келіп тағзым етеді. Киелі жерге келушілер сылдырлап аққан мөлдір судан дәм татады, сапарын әрі қарай жалғастырып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барады.

Гауһар ана сәулеттік кешені бүгінгі күні «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының қарамағына өтіп, қорғауға алынған. Сондай-ақ, күні кеше Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысы қабылданып, «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығы мемлекеттік қорғаудағы объектіге жатқызылды. Бұл құжат тарихи мәні айрықша қастерлі орындарымызға деген қамқорлықты құқықтық негізде бекітіп, ұлттық құндылықтар жүйесін қайта жаңғыртуға мүмкіндік ашты.

«AMANAT» бастаған «Таза бейсенбі» осылайша тарихымызбен де табыстырып, Ұлы даланы ежелден мекен еткен көшпенділер өркениетін жаңа қырынан танытуға ұйытқы болып отыр. Бұл бастамамыз әрі қарай да жалғасып, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтады деген сенімдеміз.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ