Тарихи күн. Электрондық үкіметтің алғашқы компоненттерін Тәжікстанға ұсындық

Қазақстанның цифрландыру саласындағы тәжірибесін Тәжікстанмен бөлісе бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты.

Біздің электрондық үкіметті дамыту бағытындағы күш-жігеріміз өзге елдерде де мойындалып жатыр! Мұндай маңызды қадамға қазақстандық «KazAID» халықаралық даму агенттігінің қолдауының арқасында қол жеткізе алдық, – деп жазды министр.

Мусин бұл электрондық үкіметті дамыту бағытындағы қазақстандық IT-өнімдердің экспортқа шығуының алғашқы әрі нық қадам деп бағалап отыр.

Қазақстанның цифрландыру саласындағы тәжірибесін Тәжікстанмен бөлісе бастағанымызды қуана хабарлағым келіп отыр. Душанбеде біздің техникалық мамандар Тәжікстанның Индустрия және сауда министрлігіндегі әріптестерімен бірге цифрлық инфрақұрылымды мұқият бағалап, ынтымақтастық келіссөздерін жүргізуде. Ал біз бұл ынтымақтастықтың болашағынан зор үміт күтеміз. Бұл электрондық үкіметті дамыту бағытындағы қазақстандық IT-өнімдердің экспортқа шығуының алғашқы әрі нық қадамдары, – деді Бағдат Мусин.

Бағдат Мусин болашақта ынтымақтастық одан әрі табысты болатынына сенім білдірді.

Бүгін – тарихи күн. Себебі біз электрондық үкіметтің алғашқы компоненттерін Тәжікстанға ұсындық. Ұсынылған шешімдердің қатарында «Smart Bridge», «Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы» және «Smart Data Ukimet» ақпараттық-талдау жүйесі бар. Бұл ынтымақтастық біздің әріптестігімізді тереңдетуге және озық технологиялар бағытындағы тәжірибемізбен алмасуға ықпал ететініне сенімдіміз. Мен осындай маңызды жобаға қатысқан командамызға алғыс білдіргім келеді. Болашақта ынтымақтастығымыз одан әрі табысты болатынына сенемін, – деді ол.

ПІКІР ЖАЗУ