Тараздық азамат Атырауда қорғаныс бөгеттерін салуға қатысуда
Атырау қаласы маңындағы Еркінқала ауылында жаға бекіту жұмыстарына қатысып жатқан Қайрат Есіркеп жұмыс барысы туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабына сілтеме жасап.
17 сәуір күні Тараз қаласынан Атырауға су тасқынына қарсы жұмыстар атқаруға келдік. Менің міндетіме техникам арқылы құм толған қапшықтарды көтеру, карьерде топырақ алуға көмектесу сынды жұмыстар кіреді. Қазіргі уақытта бізге берілген 44-45 участок аралығындағы бөгет соғуды бітіріп қалдық. Мен басқаратын техника бір мезетте 3 тоннаға дейінгі салмақты көтереді. Жүк тиегіш техникасы жүргізушісі болып жұмыс жасап жүргеніме 38 жыл болды, – дейді жүк тиегіш көлік жүргізушісі Қайрат Есіркеп.
Аталмыш учаскеде қазіргі уақытта Қарағандыдан келген сарбаздар да су тасқынына қарсы жұмыстар атқаруда.
Айта кетейік, Атырау қаласына қарасты Еркінқала ауылында бөгет салу жұмыстарына 16 техника 63 солдат 400-ге жуық ерікті жұмылдырылған.