Таразда гамбургерден уланған 12 оқушыға қатысты кәсіпкер сотталды

Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған соты Байзақ ауданында 12 оқушының тамақтан улануына қатысты істі қарады. Іс санитариялық-эпидемиологиялық заңнама талаптарын бұзу дерегі бойынша қозғалған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Істің мән-жайы

Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылдың қараша айында Байзақ ауданындағы дүкенде сатылған тағам өнімдерін тұтынғаннан кейін 12 оқушы медициналық мекемеге тамақтан улану белгілерімен жеткізілген.

Жоспардан тыс жүргізілген тексеру барысында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет тағам өнімдерінің сынамаларынан ішек таяқшалары тобының бактерияларын анықтаған. Бұл өнімдерді дайындау кезінде санитарлық нормалардың өрескел бұзылғанын көрсеткен.

Аталған дерек бойынша жеке кәсіпкер К. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабының 2-бөлігімен жауапқа тартылды.

Сот шешімі

Сот отырысында кәсіпкер кінәсін ішінара мойындап, бір мезетте 12 оқушының улануы мүмкін емес екенін алға тартқан. Оның айтуынша, дүкенге күн сайын бар болғаны 3 гамбургер ғана жеткізілген, – делінген Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотының баспасөз қызметі хабарламасында.

Алайда сот бұл уәжді негізсіз деп таныды. Айта кетейік, аталған баптың санкциясы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 460 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуды, сондай-ақ қызметін тоқтата тұруды көздейді.

Сот қаулысымен жеке кәсіпкер кінәлі деп танылып, айыппұл сомасы 30 пайызға қысқартылып, 1,2 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар, 9 қызметкердің жалақысынан айырылмауын ескере отырып, сот қосымша жаза ретінде кәсіпкерлік қызметті тоқтата тұру шарасын қолданбады.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Еске сала кетейік, былтыр қараша айында Байзақ ауданының Мырзатай ауылында мектеп оқушыларының тағамнан улану оқиғасы тіркелген болатын.