Талықорғанда облыстық робототехника олимпиадасы өтті

Қазір ғылымға иек артқан білім шаңырақтарында робототехника саласын дамыту міндеті тұр. Әсіресе жастардың қызығушылығын арттырып, заманауи технологияның тілін жетік меңгеруге баулу қажет. Осы ретте Талықорған қаласында «РобоЖУ-2024» облыстық робототехника олимпиадасы өтті. Жылда дәстүрлі түрде өтетін білім бәйгесіне ауыл мен қаладан 15 мектеп командасы қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Рингтен түйреуіштерді итеріңіз, сумо сайысында қарсыластарыңызды жеңіңіз және оған бірінші болып гол соғыңыз». Осылай мотивациялық ұранмен басталған қызықты додада облыстың түкпір-түкпірінен 60-қа жуық мектеп оқушысы бақ сынады. Олар үш номинация бойынша өзара мықтыны анықтады. Дәлірек айтсақ, жас инженерлер басқаратын роботтар арнайы алаңда сынға түсті.

Жалпы «РобоЖУ-2024» байқауы биыл жетінші рет өтіп отыр. Олимпиаданы аталған университеттің Техникалық ғылымдар жоғары мектебінің робототехника және мехатроника зертханасы ұйымдастырды. Білім бәйгесі дарынды балаларды анықтауға және оларға қолдау көрсетуге бағытталған.

Алдымен «Кегельринг» кезеңі ұйымдастырылды. Мұнда роботтар LEGO Mindstorms EV3, Arduino және Raspberry Pi микроконтроллер базасында құрастырылған және толық автономды болуы керек. Жарыс басталар алдында роботтардың өлшемдері бойынша салыстыру жүргізілді. Олардың ұзындығы шамамен – 25 см, ені– 25 см болуы міндетті, ал биіктігі мен салмағына шектеу жоқ.

Топ капитаны жеребе арқылы қай шеңберде кегля тұратынын анықтайды. Байқау төрешісі сол төрт санға қарап, кегляларды орнына қояды. Робот рингтің ортасына орнатылады. Ол рингтын сыртына шықпай, ішіндегі орналасқан кегляларды шеңберден итеріп тастауы шарт. Егер робот шеңбер сызығынан шықса, әрекет тоқтайды. Сол арқылы ұпай беріледі. Әр топқа екі мүмкіндік беріледі. Одан кейін «РобоСумо» кезеңі өтеді. Онда роботтар күш сынасады. Бір робот екіншісін 45 секундтың ішінде алаңнан итеріп шығану қажет.

«Олимпиаданың мақсаты – тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретін жаңа технологиялар мен дағдыларға қызығушылықтарын арттыру. Сол арқылы мүмкіндігінше зерделі жастарды жинау. Көптеген қатысушы үшін робототехника қазір хобби ғана. Бірақ болашақта бұл кәсіпке, өмірлік жұмысқа айналуы мүмкін. Олимпиада дарынды да білімді жастардың жетістікке жетуіне серпін болады, – дейді ректор Ермек Бөрібаев.

Мұндағы қатысушылардың көпшілігі өз болашағын бағдарламалау және дизайнмен байланыстырады. Алдағы уақытта ғылыми-техникалық шеберлік деңгейін көтеріп, осы саланың майталманы болуға ниетті.

Мен бала кезімнен құрылысты жақсы көремін, робототехника сабағына 9-сыныптан қатыса бастадым. Мұндай жарыстар әрқайсымыз үшін өз жетістіктерімізді көрсетуге, сондай-ақ дайындық деңгейімізді сынауға тамаша мүмкіндік. Қазір робототехникаға қызығатын жастардың көбейіп келе жатқанын көріп отырмын және бұл керемет деп ойлаймын. Бұл жерде біз тек жобалар дайындап, бағдарламалар жазып қана қоймай, ойлауды жақсартамыз және әлеуметтік ортамызды кеңейтеміз, – дейді Ақсу ауданынан келген қатысушы Дархан Сегізбай.

Күрделі бәсекелестікке қарамастан, барлық жүлделерді сырттан келген оқушылар иеленді. Сонымен, бас жүлде Ақсу ауданына қарасты Жүнсүгіров ауылының атынан шыққан «Vertu» командасына бұйырды. 

Екінші және үшінші орындарды Сарқан ауданының «Абай» және Панфилов ауданының Алтынсарин командалары жеңіп алды. Жігіттер сертификаттар мен бағалы сыйлықтардан бөлек, робототехникадан республикалық чемпионатқа жолдама алды.

Осы ретте айта кетейік, робототехника саласын дамыту мақсатында өңірдегі 55 мектеп пилоттық режімде «Starlink» технологиясына қосылды. Соның ішінде Көксу ауданындағы 4 мектеп аталған технология арқылы жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізді. 

Еске салсақ, жуырда ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жетісулық мектептерге 55 терминал жеткізген еді.

Облыстық білім басқармасының мәліметіне қарағанда, республика көлемінде пилоттық жоба аясында интернетке қосылатын 2 мың ауылдық мектептің ішіне Жетісу облысының мектептері де енгізілген.

Бұл жобаға облыстан 55 мектептің тізімін ұсындық. Соның 5-еуі Ақсу ауданында, 15-і Алакөл, 1-еуі Ескелді, 11-і Қаратал, 6-уы Кербұлақ, 8-і Көксу, 4-еуі Панфилов, 5-еуі Сарқан ауданында орналасқан ауыл мектептері. Осы мақсатқа 65,9 млн теңге бөлінді. Бүгінгі күні Көксу ауданының Мәмбет, Талапты, Қабылиса, Мұсабек ауылдарындағы мектептерге Starlink технологиясының терминалдары орнатылып, интернет қосылды. Одан бөлек тағы да 51 мектептің қосылуы жоспарланып отыр, – дейді Марат Сүлейменов.

Осындай игілікке қол жеткізген мектептердің бірі – Көксу ауданы Қабылиса ауылындағы Қабан жырау атындағы орта мектеп. Бұл шағын жинақталған мектепте қазір 170 оқушы білім алса, оларға 30 мұғалім білм береді. Осы шағын білім ордасы бүгінде сапалы интернеттің игілігін көре бастады. Мектеп директоры Қуандық Мұхаметченовтің айтуынша, арнайы мамандар тиісті құрылғыларды шатырға және информатика кабинетіне қойып берген.

Бұған дейін мектеп «Қазақтелеком» АҚ-ның интернет байланысына қосылған еді. Оның жылдамдығы баяу болды. Ал «Starlink» технологиясының интернетінің жылдамдығы қазір 150 Мбит/с жетіп отыр. Мұғалімдер инфорамтика кабинетіндегі интерактивті тақтаны қолданып, Zoom платформасында онлайн сабақтар өткізіп, оқушылар ноутбукпен ғаламтордан сабаққа керекті қосымша мәліметтерді іздеп, интернетті толыққанды қолдана бастады. Сапалы интернет білім беру сапасына да өз әсерін тигізеді, – дейді Қ.Мұхаметченов.

Еске салсақ, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі елдің үш аймағына 250-ге жуық Starlink терминалын жіберген болатын. Соның ішінде Жетісу облысына 55 терминал жеткізілген еді. 

Терминалдарды орнатқаннан кейін мектептердегі интернеттің орташа жылдамдығы 200 Мбит/с жетеді. Қазір балалар сол арқылы робототехника саласын қыр-сырын меңгеріп жатыр.

ПІКІР ЖАЗУ