«TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңының алғашқы отырысы өтті
Бүгін Түркістандағы «Farab» әмбебап кітапханасында «Референдум – реформалар бастауы!» тақырыбында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңының алғашқы отырысы өтті. Отырысқа қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев, айтыскер ақын, «AMANAT» партиясы саяси кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Бекарыс Шойбеков, БАҚ өкілдері мен облыстың зиялы қауымы және белсенді жастары қатысты. Талқылау әлеуметтік желілерде тікелей эфирде тарату арқылы интерактивті форматта өтті.
Айта кетейік, «TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңы республикада алғаш рет қолға алынып, қазіргі таңда партияның барлық филиалдарында өткізілуде. Бұл алаңның ерекшелігі – қоғамдағы түйткілді мәселелерді, халықтың проблемаларын қозғап, оның шешілуіне ықпал ету.
Спикерлердің жеке сөз сөйлеуі, барлық қатысушылардың қатысуымен жалпы пікірталас, спикерлердің сөзін түйіндейтін сұрақ-жауаптар форматында тікелей эфирде өткізілді. Шараны партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы, партия филиалы жанындағы қоғамдық штаб төрағасы Бейсен Тәжібаев жүргізіп, күн тәртібіндегі маңызды мәселеге шолу жасады. Ол сондай-ақ республикалық штаб мүшелерінің тұрғындармен кездесулерінде мыңға жуық ұсыныстардың түскендігін тілге тиек етіп, «TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңының негізгі мақсатын баян етті.
– Бүгінгі диалог алаңын өткізудегі мақсатымыз – халықтың маңызды мәселелерін шешуде мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың және азаматтық қоғамның өкілдері арасында сындарлы диалог құру. Сондай-ақ тұжырымдамаларға, бағдарламаларға, бастамаларға қоғамдық сараптама жүргізу арқылы республикалық және жергілікті деңгейлерде қабылданатын шешімдерді жария түрде ортаға салу ,– деді Бейсен Дәулетұлы.
Алғаш боп сөз алған спикерлердің бірі – қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханұлы референдум туралы пікірлерімен бөлісті.
– Бүгінде референдум қоғам арасында қызу талқыланып, кеңінен қолдау тауып отыр. Конституцияны бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту халықтың еркін білдіруінің айқын көрінісі болатындығын айтқан Президент биылғы Жолдауда тың саяси реформаларды жариялап, билік институттары арасындағы конституциялық құрылымды жетілдіруге мүдделі екенін танытты. Өзгеріс аз емес, соның бірі – Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан қуатты Парламенті бар президенттік республикаға ауысуы, – деді Қуаныш Айтаханұлы.
Мұнан соң сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай алдағы науқанның ел болашағы үшін маңыздылығына тоқталып, бірқатар негізгі басымдықтарды сөз етті.
– Мәселен Германияда заңдар үш-төрт жыл сайын өзгеріп тұрады екен. Бұл – заманға ілесу, сол арқылы идиялогиясын жаңартып отыр деген сөз. Сондықтан да біз ықпалды парламент құрамыз десек, сондағы халық атынан сайланған депутаттары халықтың өкілі болғандықтан өздерінің айтқандарын орындатуға мүдделі және соған жаңа механизм болуы керек. Бұған дейін біз көп мәселені айтып, көтеріп жүргенімізбен оны ары қарай орындай ма, не болмаса жалтарма жауап бере сала ма, әйтеуір жауапсыз қалып жататын. Ендігі жерде Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардан кейін мұндай олқылықтар болмайды, – деді ол.
Мұнан бөлек ҮЕҰ өкілдері, журналистер, ғалымдар, облыстық, қалалық штабтың мүшелері және партия белсенділері де диалогқа қатысып, өз пікірлерін партия алаңында ортаға салды. Мәселен Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, журналист, сазгер Бекжігіт Сердәлі, мен ұстаз Айдарбек Әмірбек кездесулерде тұрғындар тарапынан ең жиі қойлатын сұрақтарға байланысты спикерлердің ой-пікірін сұрады.
Жаңа пікірталас алаңынан әлеуметтік желідегі ресми парақшада тікелей эфирде көрсетілім жүріп, онлайн қатысушылар да өз сауалдарын қойды. Оның ішінде тіл саясаты, руханият, БАҚ туралы заң жобасы, референдумда дауыс беру ережелеріне қатысты да сұрақтар қойылды. Осы және өзге де сауалдар төңірегінде алаң жұмысына қатысушылар өз ойларын ортаға салып, жаңа өзгерістерге дауыстарын беруге ынталы екендіктерін білдірді.
Адамзат қоғамының ақыл-ойы аламанға түскен бүгінгі ХХІ ғасыр геосаяси, геоэкономикалық және геомәдени өзгерістердің ошағына айналып отыр. Бұл, сайып келгенде, жаһандану деп аталатын ғаламдық құбылыстың қызу жүріп жатқандығын байқатса керек. Бүгінде адамдар әлемнің қай нүктесіндегі болмасын қақтығысқа, лаңкестік әрекетке үрейлене қарайтын болды. Өйткені, өткенді айтпағанда, бүгінгі күні бір шаһар тұрмақ, Мысыр, Сирия сынды бүтіндей бір елдің саясаттың құрбанына айналып, қақтығыстарға ұшырап, қиындық кешіп отырғаны жасырын емес. Дегенмен, әлемдегі осынау аталған өзгерістерге қарамастан, қазіргі таңда Қазақстан тұрақтылығы мен келісімін бір-бірімен ұштастыра, қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі. Бұл өз кезегінде Н.Ә.Назарбаевтың дінаралық және ұлтаралық келісімді негізге алып жүргізген ұтымды саясаты жемісінің нәтижесі болып табылады. Осы тұста Елбасының игі бастамаларының бірі ретінде Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер форумын өткізуге қатысты ұсынысын айтуға болады.
Осылайша, 2003 жылы Қазақстан мемлекеті Елбасының бастамасымен жиналған әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің алғашқы съезі дүниежүзі халықтары арасында рухани жақындау процесін бастады. Аталған съезден соң Испания мен Түркияның бірлескен бастамасы ретінде туындаған Өркениеттер альянсы форумы, Мекке халықаралық мұсылмандар конференциясы, Мадрид халықаралық форумы және тағы басқалары сияқты дінаралық, мәдениетаралық және өркениетаралық келіссөз бен өзара түсіністікті қалыптастыру мен алға жылжыту мақсатын көздейтін басқа да форумдар өткізіле бастады.
Бейбітшілікті көздейтін ұйымдардың қатарынан Еуразия меруерті — Астана қаласында жиналатын дін лидерлерінің съезі ерекше орын алады. Шет елдерде теңдесі жоқ мұндай институт қызметінде, тіпті әлемдік өркениетаралық және конфессияаралық үнқатысудың мәселелерін шешуде қолдануға болатын мол тәжірибе жатыр.
Бұл форум арқылы Қазақстан жер-жаһанның түрлі діндері мен конфессиялары өкілдерінің басын қосып, бейбітшілік пен өзара төзімділік қағидаларын насихаттайтындығын оларға өз ауыздарымен айтқызды. 2003 жылы І съезд жұмысына түрлі конфессиялардың 17 делегациясы қатысса, ІІ съезд әлемнің 43 елінен келген 29 делегацияны қарсы алды. Ал олардың арасында тек діни көшбасшылар ғана емес, ғалымдар, саяси және мәдени қайраткерлер, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО секілді халықаралық институттардың өкілдерінің келуі Елбасының бастамасына жаңа серпін берген айтулы оқиға болды.
Ал келесі ІІІ съезд отырысына 77 делегацияның келуі форумның беделінің өсіп, әлемдік өркениет өкілдерінің өзара төзімділік, құрмет және түсіністік жолында үнқатысуға ынтасы артып отырғанын көрсетті. Себебі, бұл жолғы басқосуда әлемдік діндердің көшбасшылары конфессияаралық үнқатысумен ғана шектеліп қоймай, өз кезегінде, өркениеттер қақтығысының алдын алуға кепіл болатын – мемлекеттердің мәдени және рухани тұрғыда өзара әрекеттестігі мен ынтымақтастығының маңыздылығын алға тартқан болатын.
2012 жылғы 30-31 мамырда Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезі «Бейбітшілік пен келісім — адамзат таңдауы» атты тақырыптың аясында өтті. Форумға 40 елден барлық әлемдік және дәстүрлі діндерге, сондай-ақ беделді діни және халықаралық ұйымдарға қатысы бар 87 делегация атсалысты. Бұл жолғы да съезд жоғары деңгейде аталып өтті және форум жұмысының қорытындысы бойынша қатысушылар әлемдік қоғамдастыққа арнап үндеу қабылдады.
Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезін ұйымдастыру арқылы халықтар мен діни көзқарастарды жақындастыруға, сол арқылы бейбітшілік құндылықтарын қалыптастыруға жасаған қадамы үшін әлем қауымдастығы Қазақстанға және оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа жоғары баға берді. Бұл — біздің мемлекет үшін абырой әрі биік мәртебе.
Енді қазіргі біздің XXI ғасырда әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі әлем мен жеке Қазақстанға не берді деген сауалды тарқатып айтар болсақ, осы халықаралық іс-шара дінаралық және өркениетаралық келіссөзді алға жылжыту бойынша алғашқы саммиттердің бірі болды. Съезд рухани құндылықтардың жаһандық өзара кірігу, адамдар санасында адамзаттың дәстүрлі діндерінің қасиетті идеалдарын насихаттау мен нығайту процесінің елеулі қозғалтқыштарының бірі бола білді.
Съезд жұмысының жемісті нәтижесі ретінде Астанада «Бейбітшілік және келісім сарайының» салынуы, съезд хатшылығы жұмыс тобының қызметін атқаратын әрі дінаралық және мәдениетаралық үнқатысуды дамытуға бағытталған көптеген халықаралық деңгейдегі іс-шаралардың ұйытқысы болып отырған Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының құрылуы – Қазақстанның өркениетаралық және дінаралық үнқатысу мәселелерін ғаламдық деңгейде талқылауды жалғастыра беруге мүдделі екендігін көрсетеді. Мұның айғағы ретінде, Қазақстан ЕҚЫҰ мен ИЫҰ-ны «Батыс-Шығыс» үнқатысу алаңын кеңейтуге және әлем елдерінің мемлекет басшылары мен БАҚ-ты осы ортақ іске белсенді қолдау көрсетуге үндеп отыр.
Алдында болып өткен дін лидерлерінің төрт съезіне ислам, христиандық, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм және қалған дәстүрлі дін басшылары мен көрнекі өкілдері қатысты. Оларда қоғам мен халықтардың рухани жақындасуы бойынша қызықты да мазмұнды әңгіме өтті, бірлескен декларациялар қабылданды және қарапайым азаматтар, елдер мен халықтарға арналған рухани лидерлер баяндамалары тыңдалды.
Съезд шеңберінде түрлі дін мен конфессиялар өкілдері арасында байланыс құрылып нығайды, бұл біздің жалпы үйіміз – Жер шарында бейбіт қатар өмір сүру мен үйлесімдіктің басты құраушылары болып табылатын діни қауымдастықтар арасында сенім мен өзара құрмет артуына көмектесті. Қазақстан әлем қоғамдастықтарын мейірімді бастамаларға итермеледі, әлемнің түрлі бұрыштарында адамдар жүрегінде құрмет пен қолдауға ие болды. Себебі съезді болашаққа ұлт лидері, елдің негізін құраушы жетектеген жас мемлекет өткізіп отыр. Съезді өзінің тәуелсіз дамуында ауқымды жетістіктерге жеткен және өңірде даму үлгісі бола білген салыстырмалы жас қоғам өткізеді. Съезді қоғамның қандай да бір этномәдениетті немесе діни бөлігінің маргиналдауын болдырмаумен мақсатты түрде айналысатын ел өткізеді.
Дінаралық келіссөзді дамытуға қосылған үлес біздің елдің ұлттар қоғамдастығында беделін арттырды, жаһандық құрылымдарда Қазақстан өзінің мейірімді бастамаларымен және экономикасы қарқынды дамыған, өзара түсіністік пен өзара құрмет негізінде жұмылған қоғам ретінде таныла бастады.
Әлемдік дамудың жаңа тарихи кезеңі адамзат баласының әлемдік діндердің қауіпсіздік жүйесіндегі рөлін және өркениеттердің жаңа серпінмен рухани бірлесуі қажеттілігін түсінуімен сипатталады. Ол түсінікке сәйкес, ұлтаралық және дінаралық әрекеттестік пен ынтымақтастық арқылы өркениеттердің өзара үнқатысуы әлемнің үйлесімділікте дамуының негізгі шарты болып табылады.
Осыған орай, өркениетаралық және конфессияаралық үнқатысу бүгінгі күннің күн тәртібіндегі түйінді мәселеге айналады. Қазақстанның бастамалары сол өткір мәселелерді шешу ісіне бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып кірісу қажеттілігін дер кезінде әлемдік қауымдастық назарына алға тартып, өзінің кең-байтақ жерінде ғасырлар бойы сан алуан халықтардың татулық пен өзара түсіністікте өмір сүрген тәжірибесін әлем жұртшылығының игілігіне айналдыра білді.
Мен жаңа оқу жылының қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткізілген дәстүрлі Тамыз кеңесінен ерекше әсермен оралдым.
Ұстаздық ғұмырымда «тарихи оқиға» есептелетін салтанатты жиыннан түйгенім: жаһанның ғарыштап дамуымен бірге білім саласына да жаңа өзгерістердің қажет екендігін тағы бір сезіндім. Өйткені қоғамды тәрбиелейтін ұстаз туралы айтқанда Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының: «Ұстаздық – ұлық емес,ұлы қызмет »деген тағылымды сөзі ойға оралады. Шынында, ұстаздың өнегесі шәкірттің санасында қалып, берген білімі өмір бойы жатталып қалатынын бәріміз жақсы түсінеміз. Айтпасқа болмайды, біз кезінде жұртты ұйытып,шәкіртінің көңіліндегісін дөп басқан беделді де абыройлы ұстаздарымызды мақтан етеміз. Оның әр түрлі себебі де бар. Ең бастысы, алдыңғы толқын ұстаздардың өз ісіне адалдығымен қоса қоғамның ұстаздықты «зор миссия» деп бағалай білгендігінде жатыр деп ойлаймын. «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – Мұғалімдікі» деп Алаш көсемі Мағжан Жұмабаевтың жанға тигізе, жеріне жеткізе айтқан тағылымды сөзі қоғамның ұстазына деген оң көзқарасын көрсетпей ме?! Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда мұғалім мәртебесін көтеру – біздің қоғамдағы басты проблемалардың біріне айналды.
Бір қуантарлық жайт: Тамыз кеңесінің басты мақсаттарының бірі – жоғарыда айтып өткен қоғам алдындағы ұстаз мәртебесін көтеру болды. Жиында сонымен қатар білім мен ғылым саласында инновациялық жаңалықтарды енгізу мен басқару, 2025 жылға дейінгі білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын бекіту, тағы басқа да өзекті мәселелер сөз болды. Бір ерекшелігі, Тамыз кеңесі ашық диалог жағдайында өтті.
Бәрімізге белгілі, шынайы пікірталас алаңы ғана жаңа идеялар мен тың бастамаларға жол ашады. Салтанатты жиында айтылған идеялар өте қызықты болды. Жаһандану үрдісіне қарай жаңа формациядағы мұғалім, оның беделі, ғылым мен білімді ұштастыра жүргізудің тиімділігі, оны шешу жолдары тереңдей айтылды. Тіпті осы уақытқа дейін қайта-қайта айтылып келген ата-ана мәдениеті мен олардың ұстазға деген қарым- қатынасы, отбасындағы бала тәрбиесі, ана тілінің тағдыры, тағы басқа да пікірлер бізге таныс болса да, жиында басқа қырынан талданды. Жарыссөзге шыққан шешендер осы бағытта қордаланып қалған мәселелерді өткір көтерді. Көңілге тоқып,ойланатын жайттар өте көп болды.
Салтанатты шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуы да ерекше жаңалық деп ойлаймын. Бұл алдымен ұстаздарға деген құрметті көрсетеді. Бір қуантарлығы: ұстаздарды толғандырып жүрген көптеген мәселелерді Мемлекет басшысы өз баяндамасында атап көрсетті. Білім беру саласында шешімін таппаған проблемалардың бар екендігін ашып айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет. Тарихы терең дәстүр сабақтастығы ұлттық тәрбие арқылы беріледі. Мағжан Жұмабаев «Педагогика» еңбегінде: «Әрбір тәрбиеші баланы ұлт дәстүрімен тәрбиелеуге міндетті» дейді. Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болады» дей келіп, ұстаздар қауымына зор міндеттер жүктеді. Адам капиталы мен білім беру саласына қойылатын талаптардың мүлдем өзгеше екендігіне басты назар аудартты. Әсіресе, білім беру ісін ұдайы дамытып отыруымен қоса соңғы жылдарда қолға алынған әр түрлі реформалардың сын көтермейтін жақтары да бар екендігін басты мәселе етіп көтерді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз баяндамасында ең өзекті сегіз мәселеге тоқталды. « Отандық білім саласы туған жеріңе, қоршаған ортаңа, өз тарихыңа құрметпен қарауға тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуі тиіс. Білім беру ісі ұдайы дамып отыруы қажет. Осы мақсатта, балаларды бастауыштан жаңартылған мазмұнда оқыту басталды. Мәселен, биыл жаратылыстану пәні қайта енгізіледі. Осының өзі ғылымға жол бастайтын бірден-бір қадам» дей келіп, осыған сай кешенді шаралар қабылдау қажет екендігін атап өтті. «Еліміздің жастары өзін жеке тұлға ретінде дамытумен қатар, мемлекеттің озық инновацияларға сай өркендеуіне зор үлес қосуы қажет» дей отырып, білім саласындағы әр түрлі бастамаларға мемлекеттік қолдау көрсетілетіндігін баса айтты.
Тамыз кеңесінен ұстаздардың көп үміт күткендігін жасыра алмаймын. Мұғалімге қоғамдық құрметті қалыптастыру, «Ұстаз мәртебесі туралы» жаңа заңның әзірленуі, лайықты еңбекақы жайы, оқулықтарды қайта қарау – тағы басқа да мәселелер бұқаралық сипат алып, зиялы қауымды бір сілкінтіп тастады. Жалпы, Тамыз кеңесі қоғам тарапынан оң бағаланып жатыр.
Үстіміздегі жылдың 29 қаңтары күні «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында ҚР Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асырудағы «Педагогикалық идеялар панорамасы» тақырыбында диалог алаңы өткізілді.
Шараға институт кафедраларының профессорлық-оқытушылық құрамы, аудандық, қалалық әдістемелік кабинет әдіскерлері, жалпы білім беретін мектептердің, лицей, гимназиялардың пән мұғалімдері қатысты.
Алғысөз алған директордың оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары Елдос Сафуллин диалог алаңы жұмысының сәтті өтуіне тілектестік білдіріп, «Цифрлық технологиялар заманындағы педагог» тақырыбында өз ойын ортаға салды.
Шара барысында сөз алған тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев «Ұлттық сана: жаңғыруға ұмтылыс – жарқын болашаққа бетбұрыс»; профессор, ғылым докторы Ғабит Хасанов «Мәңгілік елдің болашағы – қазақ тілінде» тақырыптарында толғамды ой қозғады.
Деңгейлік бағдарламалар орталығы тренерлері Шынар Арыстанова мен Сәуле Файзуллина пән бойынша өз ізденістерін ортаға салып, пікір бөлісті.
Сонымен қатар осы шараға қатысқан институттың кітапхана меңгерушісі Индира Бадақова «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Бірге оқимыз» жобасының өткізілу барысы туралы әңгімелесе, жетекші маман Алмагүл Улянова Елбасы мақаласындағы рухани, мәдени жобаларды насихаттау бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Шара соңында қатысушылар өз сауалдарынына тұшымды жауап алып, диалог алаңының өткізілу барысына жоғары баға берді.
Диалог арқылы адамдар бір-бірімен тығыз қарым-қатынас құрып, рухани, мәдени байланыс орнатып, күнделікті тіршілігінен хабардар болады, қоғамдағы өз орнын тауып, бағыт-бағдарын анықтайды. Роман жанрын зерттеуші М. Бахтин айтқандай: «Шындықты іздеудің диалогтық әдісі дайын шындыққа ие болғысы келетін нақты монологизмге, сонымен қатар, қандайда бір шындықты білеміз деп ойлаған адамдардың сенімділігіне де қарсы қойылады. Шындық жеке адам басында туындамайды және болмайды, ол шындықты іздеуші адамдар арасында олардың диалогтық сөйлесуі кезінде туындайды» [1, 26 б].
Расымен, адамдардың тұрмыстық, саяси, әлеуметтік қарым-қатынастарында диалогтың алатын орны зор. Осы орайда қарастыратын мәселеміз – адамдардың шынайы болмысын суреттейтін көркем шығармадағы диалогтың сан алуан түрлері мен қызметі.
Орыс тіл білімі ғылымында диалог талданып, біздіңше жете зерттеліп қана қоймай, көркем диалог үлгілерінің типологиясы да жасалған. Мысалы, белгілі тілші-ғалым Е. М. Галкин – Федорук еңбе¬гінде диалогтың екі түрі аталған:
1) диалог – қайшылық (противоречие)
2) диалог – жинақтау (синтез) [2, 8 б].
Ал, белгілі ғалым А. К. Соловьева еңбектерінде диалогтың мынадай бірнеше түрлері берілген:
1) диалог – тартыс (спор)
2) диалог – дау (ссора)
3) диалог – түсінісу, ұғынысу (понимания)
4) диалог – үндестік (унисон) [3, 8 б].
Әдебиетші-ғалым А. В. Чичерин болса, диалогтың басқа типологиясын береді. Ол «диалогтың көркем формасы – авторлық ойдың дамуы, күрделі трагедиялық, қарама-қарсы көзқарастардың тоғыспауы, шындық болмыстың толық терең біліммен қаруланған автор ойының дамуынан шығады» дей келе, диалогтың (Достоевский романы бойынша) төрт түрін атап көрсетеді:
1) диалог – тергеу (допрос)
2) диалог – сыр (исповедь)
3) диалог – түсінісу, ұғынысу (понимание)
4) махаббат диалогы (любовный диалог)
К. Мегаева жекелеген шығарма бойынша (Ф. М. Достоевскийдің «Бесы» романы) диалогты төмендегіше жіктеген:
1) диалог – өсиет (исповедальный)
2) диалог – жекпе-жек, тартыс (поединок)
3) аралас диалог (диалог – насихат, диалог – тартыс, ішкі монолог элементтері кіреді).
Н. Ю. Шведова болса, диалог үлгілерін төмендегідей үш топқа бөліп қарастырады:
1) жұп диалог (парный диалог)
2) жарыспалы диалог (параллельный диалог)
3) полилог
Ғалым диалог типологиясын бере отырып, диалогтық бірлік мәселесін көтерген.
Орыс тіл білімі ғалымдарының типологиясы негізінде жас ғалым Г. С. Иманғалиева «Типология диалога» (На материале казахского и рус.яз.) атты кандидаттық зерттеу жұмысында төмендегідей көптеген диалог түрлерін атап көрсеткен: диалог – сұхбат, диалог – тергеу, хабарлама диалог, диалог – түсінісу, диалог – тартыс, диалог – дау, диалог – қайшылық, диалог – ой-талқы, диалог – өтініш, диалог – ұсыныс, диалог – ой-түрткі, диалог – үндестік, диалог – жинақтау, диалог – сәлемдесу, диалог – қоштасу [5, 50 б].
Аталған диалог үлгілерін ғалым жинақтап үлкен үш топқа бөліп қарастырады:
а) ақпараттық диалог. Бұған: диалог – сұхбат, диалог –тергеу, хабарлама диалог және диалог – түсінісуді жатқызады.
ә) прагматикалық диалог. Бұл топқа: диалог – тартыс, диалог – дау, диалог – ой-талқы, диалог – өтініш, диалог – ұсыныс, диалог – ой-түрткіні топтастырады.
б) модальдық диалогқа: диалог – үндестік, диалог – жинақтау, диалог – сәлемдесу, диалог – қоштасу сынды түрлерін топтастырады.
Бұл айтылған жайлар орыс тіл ғылымы мен әдебиетіндегі диалогтың зерттелу жайынан хабардар етсе, өзге тіл білімі мен әдебиеттану ғылымында да диалогтың зерттелу жайы назардан тыс қалмаған. Айталық: неміс филологиясында диалогтың екі түрі берілген:
1) поэтикалық диалог (образдылық қызметі басым);
2) прозалық диалог, ол өз ішінен;
а) теориялық-танымдық (ғылыми, «сократтық»);
ә) философиялық (ауызекі сөйлеу және характерологиялық).
Қазақ әдебиеттану ғылымында диалогтың нақты жіктемесі берілмегендіктен, біз С. Мұқановтың «Ботагөз» романындағы диалог үлгілерінің ең негізгілерін іріктеп алып, өзімізше байыптап, хабарламалық, психологиялық, характертанытқыштық, сюжетдамытушылық функцияларды атқаратын проблемалық диалог, тұрмыстық диалог, полемикалық диалог, мүдделері ортақ екі адамның ұғынысып, түсінісуіне негізделген диалог – түсінісу, қос кейіпкер көзқарасының үндесуінен туатын диалог – гармония және мүдделері қайшы келетін екі қарсылас кейіпкер арасындағы тартыстан туындайтын диалог – дау, диалог – тартыс, диалог – жекпе-жек деп диалог үлгілерін өз тұрғымыздан шарт¬ты түрде осындай түрлерге жіктеп отырмыз. Әрине, бір ескеретін жай – бұл диалогтардың ара-жігі нақ¬ты ажыратылмаған шартты түрде жіктелуі.
С. Мұқановтың «Ботагөз» романының негізгі арналары тарихи кезең мен сол дәуірдегі саяси-әлеуметтік хал-жағдайынан бастау алғандықтан, түрлі тап өкілдерінің мүдделерін қозғайды.
Шығарма екі сюжеттік желіге құрылған: бірінші желі үстем тап өкілдері айналасындағы оқиғалар жүйесі де, екіншісі – қарапайым еңбекші халық төңірегінде өрбитін сюжеттік желі. Мұнда бір-біріне қарама-қарсы екі таптың – еңбекші бұқараның өркендеп өсу жайы мен үстем таптың құлдырап өшу жолы көрсетіледі. Шығармадағы қанаушы тап өкілдерін (Итбай, Кошкин, Горбунов, Кулаков, т.б.) де, еңбекші халықтың (Асқар, Ботагөз, Амантай, Темірбек, Гроза, т.б.) өкілдерін де топтастырып, біріктіріп тұрған жайт тұрмыстағы мүдделерінің ортақтығы, күнделікті жағдайының ұқсастығы. Автор осы екі сюжеттік желіні де бір саяси мақсатта – еңбекші бұқараның теңдік, бостандық үшін күресін суреттеп көрсету үшін қатар алады.
«Тіршілік бар жерде – күрес бар. Өмір – бір әуеннен айнымай, бір қалыпты сырғи бермек емес, ескі мен жаңаның шарпысуы, әділетсіздік пен әділдіктің айқасуы, қастық пен адалдықтың, бұрыстық пен дұрыстықтың белдесуі, әлсіздің әлдімен арбасуы үнемі жүріп жатпақ. Еш тынбас, толастамас осы тартыс – көркем шығарманың нағыз ар¬қауы. Көркем әдебиет адам тағдырының тарихын шертеді десек, ал бұл тарих сол тартыс үстінде жасалса», «Ботагөз» романындағы еш толастамас тартыс шығарманың өн бойында өріліп отырады.
«Тарихилық белгілі бір заттың нақты тарихи жағдайларын, қайталанбас келбеті мен өзіндік қасиеттерін, мән-мағынасын, болмысын, ұлттың тарихи және өмір шындығын, идеяның танымдық тереңдігін көркемдік тұрғыдан баяндап, тарихының көркемдік философиясын шеберлікпен жеткізу» [7, 494 б], – деген тарихи шығарманың көтерер жүгін С. Мұқановтың «Ботагөз» романы толық орындап шыққандай.
С. Мұқанов өз кейіпкерлерінің бейнесін мейлінше толық ашып, характерлердің қыр-сырларын таныту үшін шығарманың өн бойында диалог тәсілін шеберлікпен мол қолданады. Өйткені, «Тіл көркемдігінің байқалар тұсы диалог пен монолог құруда.
Мұнда шеберлік керек-ақ. Өйткені, диалог адам мінезін ашуға бірден-бір қолайлы форма ғой» деген ғалым М. Базарбаев сөзі осының айғағы. Диалог үлгілері мүдделері ортақ, бір-біріне жақын, туыстық қатынастағы екі кейіпкердің қарапайым тілдесу сәттерінен бастап, жол-жөнекей, ресми сапар барысындағы әңгімелесу, қаһармандардың жүздесу кезіндегі ой бөлісу, кездейсоқ кездесу сәтіндегі әр түрлі көңіл-күй нюанстарын бейнелейтін кейіпкерлердің төл сөзімен қатар, мүдделері қайшы келетін адамдардың, оппоненттердің айтыс-тартысын, пікір алмасу, дауласу кездерін толық қамтиды. Себебі, жазушы диалог мәселесіне келгенде – актер. Кез-келген диалог қаһармандардың ой-санасының, дүниетанымының мінез-құлқының ерекшелігін ашады. Осы ретте кейіпкерлердің сөйлеу мақамынан мінез, көңіл-күй нюанстары сезіледі. Және де, С. Мұқанов әр кез персонаж болмысына тән іс пен сөздің диалектикалық бірлігін сақтауға тырысқан.
Мәселен, роман тартысында шешуші роль атқарған үстем тап өкілі Итбай болыстың персонажын алайық. Жазушы кейіпкер келбетін ашуда портреттік мінездеме бермейді, ол диалог тәсілін қолданып, кейіпкерге баға беруді оқырманның өзіне ұсынады.
« – Сөйле!- деді Итбай Амантайға, қымызды ішпеуін ұнатпай, тез кетсін дегендей ғып.
– Губернатордың қай күні келетінін білейін деп келіп ем.
– Оны қайтесің?
– Айтатын арызым бар еді.
– Не арыз?
– Мына қар аяғы жіби, жерімізге қала келіп түскелі отыр. Барар жер, басар тау жоқ. Мұңымызды шақ деп ел жұмсады.
– Жер қазнанікі емес пе? – деді Итбай. – Алам десе өз еркі.
– Ел қазнанікі емес пе?
– Сонда осы жер туралы губернатор сенімен тілдеседі деп ойлайсың ба?
– Е, неге тілдеспесін. Ұлығымыз емес пе, бағып отырған елі емеспіз бе? Мұңымызды кімге шағамыз, оған айтпағанда?
– Арызшыл болсаң Омбыға барып берерсің. Мен үйіме келген қонағымның мазасын алғызбаймын. Маңыма жолаушы болмаңдар…».
Осы диалогтан қарапайым шаруа елдің емес, өзінің қара басының қамын ойлайтын менмен болыстың кейпін көруге болады. Ол губернатордың келуіне мансаптанып, көкірегін керіп, елдің қамын ойлап, алдына келген Амантайды жақтырмай, жөнмен сөйлесудің ретін көрмей, оған «оны қайтесің?», «не арыз?» секілді сұрақтармен қысқа жауап қайтарады. Бұл, әрине, Итбайдың тар пиғылдығының анық көрінісі болып табылады. С
онымен қатар, жазушының болыс репликаларында «сөйле», «барып бересің», «алғызбаймын», «маңыма жолаушы болмаңдар» сықылды бұйрық райлы етістіктің қолданылуы да бекер емес. Ол Итбай персонажы арқылы үстем тап өкілдерінің өзінің қарамағындағы кедей шаруа халқына деген көзқарасын, қатынасын білдіргісі келген. Осы Итбай мен Амантай диалогындағы ескеруге болатын бір ерекшелігі – сөйлесуші екі адамның бір-біріне деген жаулық көзқарасының анық көрінуі. Бұл болыс пен Амантай арасындағы бұрыннан келе жатқан қырбайлықтың салдары. Дегенмен, Амантай – өр, намысты кедей. Ол Итбайдың айтқанына көнбейді. Сондықтан да, Итбайдың қыңыр, қысқа жауабы екеуінің арақатынасын танытқандай болады. Ал, диалогтың негізгі түйіні қай кезде болмасын, қолында азғантай биліктің көлеңкесі бола тұрса да, өзін жердің кіндігі деп санап, ел тағдырына немқұрайды қарайтын Итбай сияқты қу басшылардың бейнесін ашық көрсетуінде жатыр.
« – Әй, қайда барасың? – деді оған таң қалған Итбай. – Жаңағы сөзге не айтасың?
Амантай үндемей аяңдай берді.
– Әй, тоқташы! – деді Итбай түрегеп. – Сен де, мен де бала емеспін! Мен сені кісі деп сөз айтсам, сенің мұның қалай, тұра жөнелгенің?
– Мен бұл іске кірісе алмаймын! – деді Амантай, Итбай соңынан жүрген соң тоқтап».
Мына диалогта Итбайдың Амантаймен әңгіме¬лесуі тіпті қарама-қарсы сипатта өрбиді. Жоғарыда келтірілген мысалда болыс белгілі себеппен Амантайға ілтипатын білдіре қоймаса, мына жерде енді өзі араздасып жүрген адамына келіп, көмек сұрауға мәжбүр болып отыр. Ситуация өзгерді – дүние алма-кезек. Бірақ, дауыс интонациясы өзгергенімен, өзінше мейлінше жылы сөзбен Амантайды айналдырып, арбауға тырысқанымен, Амантай қабақ танытпады… Итбай қанына сіңген қара¬ниеттіліктен, мақсатына жету жолында бар амал-тәсілдерді қолданып, керек деген адамын пайдаланудан арылмады.
Амантай болыстың қулығын бірден сезеді де, оның уыздай жас Ботагөз жиенін екі әйелі үстіне алуға іштей қарсы болып, не болса да, болыс ойының аспауына қолынан келгенше қар¬сы амал жасауға бел буады. Келіспей, сөйлеспей, кілт бұрылып кетуі содан. Бұл диалог екі қарама-қарсы характердің жаңаша көрініс табуына себепші болады. Бірі – екіжүзді, зым-зымиян, зұлымдық иесі Итбай болыстың келбеті болса, екіншісі – қарапайым, адамгершілігі мол, әрдайым әділеттілікті талап ететін Амантай тұлғасы. Жазушы Амантай мен Итбай диалогы арқылы дүниетаным-көзқарастары екі түрлі адамдардың, әр түрлі тап өкілдерінің ойлау жүйесіндегі, мінезіндегі өзгешеліктерін көрсе¬туді мақсат етеді. Жоғарыда талданған Итбай мен Амантай тілдесуі – характертанытқыштық қызметін атқаратын мүдделері қайшы кейіп¬керлердің диалог үлгілері.
Алайда, Итбайдың әкесі Байсақалмен әңгіме¬лесуін біз диалогтың басқа түріне жатқызамыз.
«Сандықтың аузын аша бер, әке!» деген еді Итбай Байсақалға, Қотыркөлге аттанарда.
«Неге, шырағым?»
«Ақша түседі»…
«Неден, шырағым?»
«Жұрттан».
«Не ақша?»
«Баласын қалдырам десем, ақша түгіл кеуде¬сіндегі жанын береді…».
Бұл патшаның 16 июнь жарлығынан кейінгі ауыл жағдайының қиын кезеңін танытатын диалог. Халық басына ауыртпалық түскен кезінде қазақ жігіттерінің жағдайын жеңілдету орнына Итбайдың ашықтан-ашық «адам саудасын» жүргізуі, болыстың баю, патша өкіметіне жағу мақсатында түрлі зорлық, арсыздық әрекеттерге баруы оның шынайы арамза келбетін көрсетеді. Әкесі Байсақал баласының іс-әрекетіне қарсы шығудың орнына «ақша түседі» дегенге жас баладай қуанып, Итбайдың қара ісін құптайды.
Біреуге мал, біреуге бас қайғы кезеңде халықтың ауыр халіне, көз жасына қарамай, қулықпен, алдаумен мал табу әрекеті Байсақалдың ақшақұмар, пайдакүнем екенін ашық көрсетеді. Ең қызығы – Итбай мен Елікбай сойып қаптап қойғандай, әкесінен аумай қалған. Итбай мен Байсақал арасындағы диалогта тартыс, қақтығыс элементтері жоқ, керісінше көкейін дүние, байлық тескен әке мен баланың арасындағы түсіністік, ұғынысу бар екені көрінеді. Осындай екі адамның ниеттес болып, көзқарастарының жақындастығы аңғарылатын, ұғынысуы, түсінісуі бар диалогты диалог-үндестік (диалог-гармония) деп атауға болатындай (шартты түрде ).
«Асқар «заттар табылды» деп сүйінші сұраудан бұрын Шербанидзе бұндай сұрау берсе, Итбай жамандай жөнелген болар еді; сүйінші қуанып сұраған сияқтанған Асқарды жамандауға қимай:
– Жаман жігіт емес, – деді ол.
– Ә, солай ма? Бірақ өзін байларды жек көреді, кедейді жақсы көреді дейді ғой.
– Ондайы бар, – деді Итбай, Шербанидзенің ол сөзіне мән бермей».
Романдағы осындай қосымша мәлімет беретін кейіпкерлердің шағын тілдесулерін Ғ. Мүсірепов шығармаларында кездесетін диалогтарға ұқсатып, біз Итбай мен Шербанидзенің шағын диалогын диалог-деталь деп атадық.
Омбы семинариясында оқып білім алған ауыл мектебінің мұғалімі – Асқардың Итбай әрекетіне көзқарасы обьективті және субьективті мотивтердің терең бірлігімен көрініс табады. Қоғамның алдыңғы қатарлы саналы азаматы ретінде ол ескі феодалдық салттың озбырлығына, қалың елді тұмшалаған надандыққа күйінсе, сәби мінезділігіне қарай әлгі ойына қимайтын Асқар өз ниетін жасыра тұрып, азулы болыс қылығына наразы болады. Осы мәселеге байланысты елге келген Мадиярды әділет, ақыл иесі санап, Итбайдың жебірлігін мұң ғып шағатын Асқар көп ұзамай, әдепкі көңілінен айнып қалатындай.
« – Әрине, солай, Итекең сияқты байларға тамақ көбі рас. Бірақ, біз қуанып ішетін сол тамаққа, біреулер жылап қарайды, бұның сонысы жаман.
– Ол кім? – деді Мадияр Асқардың сөзіне түсінбей, оған сүзіле қарап. Кім болсын: кедейлер! Итбайдың малы – кедейдің көз жасынан құралған жоқ па? Ата-бабасынан бері қарай күні бүгінге шейін момындарды зарлатып, жеп келеді. Зорлықтан айнитын Итбай жоқ, жеген сайын өшіге түседі».
Бұл – әңгіменің негізгі мәселесі халықтың ауыр хал-жағдайының төңірегінде өрбитін проблемалық диалог. Мына диалог үзіндісі Асқар мен Мадиярдың алғаш тілдесуі болғанына қарамастан, екі сұхбаттасушының да күрделі тұлға екені және әрқайсысының да характер ерекшеліктері айқын байқалады. Асқар – халық үшін жаралған, туған жері мен туған елінің хал-жағдайына немқұрайды қарамайтын, қамқор, жанашыр азаматы ретінде көрінсе, Мадияр – үстем тап өкілдеріне жақындығы бар, тегінде ел қамына бейтарап көзқарастағы, ұлт жайын сөзімен ғана ойлайтын интеллигенция өкілі екені әңгіменің барысында-ақ белгілі болады. Мадияр, расында да, Асқардың өзі сияқты қарсыласын ренжіткісі келмейді.
Осы кезден-ақ Мадияр мен Асқардың екі түрлі мүдделерді көздейтін адамдар екені белгілі бола бастайды. Бұл – жоғарыда талданған проблемалық диалогтың жалғасы болғанымен, осы үзіндіде де кейіпкерлер арасындағы болашақ тартыстың алғышарттары сезіледі. Кейін¬нен Асқар үшін Мадиярдың бастапқыдағы ұстаздық биігінен сылқ ете түсуіне қарағанда, оның міне¬зінің майысқақтығы, жеке басы да біреулердің ық¬палында екені танылады. Асқар «зиялы» ағаны сыйлай тұрса да, намысқой, өр мінезінен таймайды. Ол біреудің үйретуімен емес, дара тілегімен өзінің жеке пікірін саналы түрде қалыптастыра бастаған дүниетанымдық ерекшелігін жоғары бағалайды. Бұл эпизод – жігіттің қайыспас қайсар характерінің қалыптасуындағы, қоғамдағы өз орнын таба алатын дара тұлға ретіндегі рухани эволюциясын көрсететін қаламгердің орынды табысы.
Қорыта келе «Ботагөз» романында диалогтардың көп қолданғанын, біз шартты түрде топтастырған диалог үлгілерінің барлығы дерлік кездесетінін байқадық. Романда диалогтардың басым бөлігін диалог – тартыс, диалог – дау, диалог – тергеу құраса, бұл диалог үлгілері мүдделері бір арнада тоғыспайтын, екі түрлі көзқарас иелерінің қарым-қатынасын білдіреді және олар Ботагөз, Асқар, Амантайлар мен Итбай, Кошкин, Горбуновтардың сөз қағыстыруы нәтижесінде туындап отырады. Өйткені, бұл – кейіпкерлер романдағы өзара тартысқа түсетін екі топтың басты өкілдері.
Осыған қарап, осы романда басқа диалог үлгілері кездеспейді деп айта алмаймыз. Бір-бірін түсінетін, көзқарастары бір арнаға тоғысатын кейіпкерлер (Ботагөз, Асқар, Амантай, Темірбек, Кенжетай) арасында диалогтың диалог – түсінісу, диалог – сыр, диалог – үндестік формалары, кейіпкерлер бейнесін жасауда характертанытқыш, алдағы істен хабар берер хабарлама диалог, шығармадағы оқиғалар мен кейіпкерлер жайынан жанама түсінік берер диалог – деталь және әлденеше кейіпкерлер арасында өрбіп, үлкен бір ортаның ортақ көзқарасын беруде диалог – полилог түрлері де әр деңгейде қолданылған. Көркемдік амалдың қай түрін алсақ та, қаламгер шығармасында кездесетін диалог үлгілері С. Мұқановтың диалог қолдану арнасының кеңдігін, өзіндік дара жазушылық стилін танытады. Осы орайда профессор А. Ефимовтің: «Шығарма идеясы мен мазмұны жазушының тіл ерекшелігі мен сөйлемінен, оның сөз қолданысының даралық ерекшелігінен көрінеді» деген орынды пікірі ойға оралады. Қаламгердің әр шығармасындағы диалог қолданыс ерекшелігі автордың өзіндік қолтаңбасын, жазушылық шеберлігінің қырларын танытып отырады.